- Негізгі бет
- Сурет
- Бір суреттің тарихы:...
Бір суреттің тарихы: Картинадағы қызға ғашық болып, кейін соған үйленген қазақ
Бұл суретті КСРО кезінде барлық балалар оқулықтан білетін: кішкентай қыз жарығы мол бөлмеде таңғы жаттығу жасап жатыр. Өмірінің бәрі алда, жарқын болашақ…
Оқушылар бұл картина туралы шығарма жазатын, суреттегі қызға есім ойлап табатын. Бір сөзбен айтқанда, картина өз уақытында балаларды тәрбиелейтін идеология құралы болды.
Бұл қыздың прототипі өмірде бар. Оның есімі Лена. Анасы Татьяна Яблонская – суретші. Қызына қарап отырып осы суретті 1954 жылы салған екен. Ол кезде Лена 13 жаста болған.
Лена
Картинаның аты “Таң” деп аталады. Онда Киевтің бір пәтері суреттелген. Туындыда пәтер іші жарыққа бай, бояуы түрлі-түсті болғанымен, шын мәнінде Лена отбасымен өте кедей тұрған екен. Ол әпкесі екеуі сыныптастарын үйіне шақыруға да ұялған. Картинаның сәтті салынғаны сонша бірден атаққа кенелген. КСРО-дағы әрбір екінші үй осы картинаны қабырғасына іліп қоятын болған. Бірақ картина қанша атақты болса да, авторына ақша әкелмеген.
Кездейсоқ жолыққан бақыт
Ал Лена атақты картинаның авторы Яблонскаяның қызы екенін ешкімге айтпаған. Ол мақтануды ұнатпайтын. Елеусіз өмір сүргенді ұнататын ұяң қыз болып өскен.
Дәл осы уақытта Алматыда тұратын 14 жастағы Арсен Бейсимбинов осы картинаны төсегінің басына іліп қойып, оған қарап қиялға берілетін. Ол суретке қарап: “Бұл қыз өмірде бар ма, есімі кім, қазір не істеп жатыр екен?!” деп ойланатын. Арсен осылай суреттегі қызды іштей ұната бастағанын өзі де сезбей қалған. Оның өзі де сурет салғанды жақсы көрген. Өскенде суретші боламын деп армандаған.
Мектепті бітіргесін ол Строгановка – Мәскеу жоғары көркем-индустриалды колледжіне оқуға тапсырады. Кездейсоқтықты қараңыз: дәл осы уақытта Лена да мектепті бітіріп, Киевтен Строгановқа келеді.
Студент шақтағы махаббат
Арсен суретшілер оқуына оңай түседі. Себебі, ол мектепті алтын медальмен бітірген болатын. Ал Лена емтихандардан әрең өтіп, студент атанады. Арсен курстағы ең үздік студент атанады. Ол Ленамен бірден достасып, достықтың арты ажырамас махаббатқа ұласады.
Арсен өзі жақсы көрген картинадағы қыздың Лена екенін білмеді. Бірақ оны көргенде ескі танысын көргендей жылылық, алғашқы махаббатын кездестіргендей жақындық сезінген. Ал Лена курстағы ең талантты, үздік студенттің басқаны емес, өзін сүйгеніне біраз уақытқа дейін сенбей жүргенін айтады.
Лена: “Бұл жігіт мені басқалардан не үшін артық көрді, арамыздағы махаббат көп өтпей бітетін шығар” деп көп ойланатын.
Картинадағы қыз
Олардың махаббаты ұзаққа созылған. Кейін Арсен Ленаны Алматыдағы үйіне алып келген. Ал оның төсегінің қабырғасында бала ғашығы “Таң” картинасы әлі ілініп тұрған еді.
Міне осы уақытта Лена:
– Сен білесің бе?! Картинадағы қыз мен, - деп айтқан.
Арсен де бұл сурет оның бойтұмары болғанын, қиналғанда картинаға қарап күш алатын, өмір бойы суреттегі қызға ғашық болғанын айтады.
Осыдан соң Ленаның ешқандай күдігі қалмаған. Арсенге тұрмысқа шығып Қазақстанға келген. Екеуі Заңғар атты ұлдарын өсіріп, 40 жыл бойы бақытты ғұмыр кешкен. Заңғар қазір АҚШ-та тұрады.
2000 жылы Арсен ауырып қайтыс болды. Қоныс аударғанда картинаның сол бір көшірмесі жоғалып кетті, бірақ Елена өзінің өзге портретін көзінің қарашығындай сақтаумен болды. Оны Арсен танысқаннан көп уақыт өтпей, қарындашпен салып берген болатын. Суреттің екінші бетінде мынадай сөз болды: "Мен сені сүйемін, бұл суретті жоғалтпа".