Атауы: “Каир өмірінің көрінісі”
Автор: Иван Айвазовский
Салынған жылы: 1881
Кенеп, майлы бояу 66,5 × 58 см
Киевтегі орыс өнері мұражайы
Золото холодное луны,
Запах олеандра и левкоя.
Хорошо бродить среди покоя
Голубой и ласковой страны.
Сергей Есенин
Па, шіркін, шафранды Шығыс кімге арман болмаған?! Орақ тілді шайырлар мен алып денелі баһадүрлер, ай жүзді арулар мен жұпар аңқыған раушан гүлдер мекен еткен өлкенің төсінде масайрап шарап ішуді қай ақын жырына қоспады?!
Күн сұлу ақ төсін керіп, тәтті ұйқыдан оянғанда алғаш бас иіп сәлем беретін шығыс елдері қылқалам шеберлерінің де шабытын оятып, шығармашылығына арқау болған. Солардың қатарында атақты Айвазовский да бар еді.
Бәлкім, сіз “Айвазовский – теңіз жыршысы ғой”- дерсіз. Бірақ, ол тек теңіз жыршысы ғана емес...
“Каир өмірінің көрінісі” картинасы – Иван Константинович Айвазовскийдің Мысыр еліне жасаған сапарынан алған әсерінің жемісі.
Айвазовский 1869 жылы Суэц каналының салтанатты ашылу салтанатына жол тартқан Ресей делегациясының құрамында болды. Бұл шараға барша жаһан жұртшылығының назары ауды. Көптеген ел өз делегацияларын арнайы аттандырып жатты. Мысыр еліне сапар шеккен үлкен кемеде белгілі маринист Айвазовский да болды. Оған жүктелген тапсырма каналдың ашылу салтанатын қағазға түсіру еді.
Мысырға саяхат қылқалам шеберіне керемет әсер қалдырды. Ол шөл дала құдіретіне, жұмбақ сфинкс бейнесіне, алып пирамидаларға, мысыр аңыздарына арқау болған теңдессіз жәдігерлерге тамсана қарады.
Осындай ішкі төңкеріс пен Шығыс мәдениетіне бойлау нәтижесінде пайда болған туындылар қатарында “Каир өмірінің көрінісі” картинасы да болатын.