Автор: Винсент ван Гог
Салынған жылы: 1889
Кенеп, майлы бояу. 73x92 см
Нью-Йорк заманауи өнер мұражайы, АҚШ
Белгілі қылқалам шебері Винсент ван Гогтың 1889 жылы салынған «Жұлдызды түн» картинасы барша әлемге әйгілі. Бұл туынды 1941 жылдан бері Нью-Йорк заманауи өнер мұражайында сақтаулы тұр.
Аталған картинада автордың түнгі пейзажға деген өзіндік шығармашылық көзқарасы айқын байқалады. Суреттің негізгі объектілері – ай мен жұлдыздар. Олардың айрықша әсерлі бейнеленгені сонша, көздің жауын алады.Оның үстіне, Ван Гог пайдаланған арнайы техниканың арқасында ай мен жұлдыздар түнгі аспанда шуағын шашып жүзіп жүргендей көрінеді.
«Жұлдызды түн» картинасының (сол жақ) алдыңғы бөлігінде биік ағаштар (кипаристер) аспанмен таласа мойындарын созып тұр. Жердегі тіршіліктен алшақтап, ай мен жұлдыздардың әдемі биіне қосылғысы келетіндей. Ал, оң жақта қарапайым ауыл бейнеленген. Тау бөктеріндегі шағын елді-мекеннің аспан әлеміндегі көркем құбылыста шаруасы жоқтай бей-жай. Қалың ұйқыға батқан.
Автор аталған картинаны Сен-Реми ауруханасында ем қабылдап жатқан кезінде салған. Ван Гогтың денсаулығы жақсара бастаған уақытта інісінің өтініші бойынша дәрігерлер қылқылым шеберіне сурет салуға рұқсат берген. «Жұлдызды түн» - автордың ең ерекше туындысы. Олай болатын себебі, Ван Гог картиналары ішіндегі ең экспрессивті және динамикалық шығарма.
Постимпрессионистік стильге жататын туынды сол бағытқа сай декоративті стилизация арқылы өмір шындығы, ондағы құбылыстарды жеткізуге тырысқан.