- Негізгі бет
- Сурет
- Баскияның суреті 93...
Баскияның суреті 93 миллион долларға сатылды
Америкалық суретші Жан-Мишель Баскияның суреті Christie's аукцион үйінде 93 миллион долларға сатылды. Бұл туралы бәссауда үйінің сайты хабарлады.
In This Case (Бұл жағдайда) картинасы суретшінің екінші қымбат жұмысы. Осы картина 1983 жылы 1,98х1,87 метрлі кенепке салынған. Кескіндемеде суретшінің шығармашылығындағы екі басым тақырып – анатомия және афроамерикалық кейіпкерлерді біріктіретін қызыл фонда бас сүйек бейнеленген.
93 миллион долларға бағаланған In This Case картинасы
Баския кескіндемесі сатып алушыға 81 миллион долларға түскен, ал қосымша төлемдер мен комиссиялар тағы 12,1 миллионды құрады. Аукцион үйі бастапқыда картинаны 50 миллион долларға бағалаған.
2002 жылы дәл осы сурет Sotheby's-те 999 мың долларға сатылған, бұл Christie's-те жарияланған қазіргі бағадан шамамен 100 есе аз. 2007 жылдан бастап кескіндеме жеке коллекцияда болды, ал соңғы рет оны 2018-2019 жылдары Париждегі Луи Вуиттон қорының көрмесінде көпшілікке көрсеткен.
Баския ең қымбат картинасы – "Атаусыз", онда бас сүйек бейнеленген. Оны 2017 жылы Нью-Йорктегі Sotheby's үйінде Илон Масктың кемесімен Айға ұшатын алғашқы турист, миллионер Юсаку Мэдзава 110,5 миллион долларға сатып алған болатын.
Юсаку Мэдзава және Баскияның "Атаусыз" картинасы
Баския есімі 1981 жылдан бастап әлемге таныла бастады. Ал 1982 жылдан бері жас суретші картиналары көрмелерде Джулиан Шнабель туындыларымен қатар қойылып, өзі Энди Уорхолмен бірге жұмыс жасай бастады. 1985 жылы Жан-Мишель суреті аса беделді The New York Times газетінің мұқабасына шықты. Баския аз уақыт ішінде тек граффити-суретші ретінде ғана емес, неоэкспрессионист, ақын және актер ретінде танылды. Жан-Мишель Баския 1986 жылы небары 28 жасында өмірден өтті.
Т. Раушанұлы