Әлемдік ең танымал сурет өнері жауһарлары

Әлемдік ең танымал сурет өнері жауһарлары

Бұл таңдамалы суреттер данышпан авторлардың ең керемет өнер туындылары ретінде әлдеқашан тарихқа енген. Әлемге әйгілі бұл суреттер несімен ерекше, несімен құнды және неге оны әр адам білуі тиіс. Жауабын іздеп көрейік...

Леонардо да Винчи, «Мона Лиза». 1503 - 1505


Танымалдылығы жағынан да Винчидің осы қылқалам туындысына әлемде ешбір картина жете алмас. Бұл суретті өмірде көргеннен, интернеттен көру оңайырақ. Өйткені Лувр мұражайына туристерден түзілген кезектен тарихи игілікке тек ең шыдамдылары ғана жетеді. Картинада флоренциялық жібек сатушысының әйелі Лиза Герардини бейнеленген деп есептеледі, алайда кейіпкердің кім екені нақты анықталмаған. Ол суретшінің анасы болуы мүмкін, қыздың келбетіндегі жігіт немесе суретшінің өзі деген де қауесеттер бар.

Сальвадор Дали, «Естің тұрақтығы». 1931


Осы бір кішкентай туынды пәлсапалық символдарға толы. Мысалы, дәл ортада бейнеленген кірпіктері бар тіршілік иесі бұл ұйықтап жатқан Далидің автопортреті. Автордың айтуынша, бұл картинаны тудыруға оған ерітілген ірімшік түрткі болған екен. Қарапайым заттардан әсемдікті көре білу деп осыны айтуға болатын шығар.

Казимир Малевич, «Қара шаршы». 1915


«Қара шаршының» негізгі құндылығы көбі ойлайтындай оның қаралығында және шаршы екендігінде емес. Малевичтің дәуірінде басталған сурет өнерінің бір тармағы – суперматизмнің негізгі элементінде. Немесе мінсіз түзу геометриялық фигураны суретшінің ешбір сызғышты пайдаланбай сала алғанында. Сонымен қатар автор болмай қалған суретін қара шаршымен жасырған деген де тұжырымдар бар, яғни адам шаршының артындағы қиялындағы басқа суретті көріп тұрады делінеді. Бір сөзбен айтқанда, «Қара шаршыда» әркім өз ерекшелігін көреді: суретшілер – сурет туындысын, тарихшылар – тарихты, діншілдер – діни көзқарасты, пәлсапашылар – пәлсапалық тұжырымдарды.

Пабло Пикассо, «Шар үстіндегі қыз». 1905


Бұл картинаның түпнұсқасы Мәскеу қаласындағы Пушкин мұражайында сақталған. Автор цирк әртістері арқылы жабыңқы пейзаж бен қуанышты суреттеп, кереғарлықты көрсеткісі келген. Шардың үстінде билеп жүрген ширақ және икемді гимнаст қыз бен монолитті текшеде тұнжырап, қимылсыз отырған атлет. Кереғар өмірді көрсететін бірден-бір портрет деуге болады.

Иван Шишкин, Константин Савицкий, «Қарағай орманындағы таң». 1889


Бұл пейзаж балалық шақтан бәрімізге таныс шығар. Алайда, бұл суреттің авторлары жайлы біраз жасырылып келген мағлұматтар бар екен. Негізінде барлық идеяның авторы Савицкий және аюларды салған да сол, ал толық картинаны Шишкин жүзеге асырған. Бір қызығы, картинаны сатып алған Павел Третьяков екінші суретші Константин Савицкийді сызып тастап, бар абырой-даңқты Шишкинге тиесілі еткен.

Эдвард Мунк, «Айқай». 1893 - 1910


Энди Уорхолл және поп-арттың басқа да өкілдері норвегиялық суретшінің осы жұмысын көшіруді қатты ұнатқан. Оның заманауи мәдениетке әсері өте мол - «Айқай» экспрессионизмнің танымбелгісіне айналды, сонымен қатар жалғыздық пен торығу тақырыбындағы модернизмнің алғышарты болып қалыптасты. Картинаның қан-қызыл пейзажы – табиғаттың шынайы құбылысы. Автордың пікірінше, бұл табиғаттың айқайы іспеттес. Бәлкім, суретшінің сол сәттегі торығу сезімі ортада тұрған жыныссыз фигурада бейнеленген.

Винсент ван Гог, «Жұлдызды түн». 1889


ван Гог жұлдызды түнді салуға ұзақ уақыт бойы дайындалған. Ол тіпті алдын-ала «Рона аспанындағы жұлдызды түн» картинасын да салып көрген, алайда нәтиже көңіл көншітпегенге ұқсайды. Бұл «Жұлдызды түннің» ең бір ерекшелігі, суретші оны есінде қалған элементтерден салған. Дәл сол сәтте автор есінен адасып, Сен-Реми ауруханасында жатқан екен.

Иван Айвазовский, «Тоғызыншы белес». 1850


Айвазовский бар өмірін теңізді суреттеуге арнаған (барлығы алпыс мың картина!). «Тоғызыншы белес» оның ең танымал жұмысы болып табылады. Айта кететіні, автор кеме апатын жағымды тұрғыда суреттей алған. Жылы бояулар тірі қалған адамдар жағалауға аман-есен жеткендігіне үміттендіреді.

Сандро Боттичелли, «Венераның туылуы». 1486


Дәл осы ұялшақ, қарапайым кейіп сұлулық құдайы Афродитаның бейнесімен ассоциацияланады. Иллюстрация үшін Боттичеллиге алғыс айтуымыз қажет. Көреген суретші өз туындысына жұмыртқаның сарысынан қорғаныш қабатын жасаған. Осылайша картина біздің заманымызға дейін бүлінбеген қалпы сақталып келген.

Рафаэль, «Сикстиндік Мадонна». 1512


Картинаның астындағы екі кішкентай періштені көптеген хаттар мен плакаттардың сыртынан көрген боларсыз? Картинаның сүйкімділігі оның фонында. Бір қарағанда ол бұлт сияқты көрінгенімен, жақындап қарасақ, фон жүздеген кішкентай періштелердің басынан құралғанын байқаймыз. Суреттің өлшемі де таң қаларлық: 3-те 2 метрге жуық.

Клод Моне, «Әсер. Шығып келе жатқан күн». 1872


Картинаның атауы (Impression, soleil levant) сурет өнерінің білдей бір тармағы - «импрессионизмге» жол салды. Ол Францияның Гавр портындағы табиғаттан түсірілген. Суретшінің бұл туындысы уақыт өте келе бағалана бастаған. Бастапқыда журналист Л.Леруа, суретті көре салғанда: «Мұның орнында түпқағаз толыққанды көрінетін еді» - деп пікір білдірген екен.

Микеланджело, «Адамның жаралуы». 1511


Сұқ саусақтарымен бір-біріне тартылу идеясы Микеланджелоға тиесілі. Дәл ол ең алғаш Құдайдың адамды жаратуын осылайша суреттеген. Аңызға айналған ишара өмір импульсын беру сәтін сипаттайды.

Андрей Рублев, «Троица». 1411


Ең танымал православ иконасы. Соған қарамастан картинаның салынған уақыты әлі нақты емес. Суреттің астына екі мерзімді белгілеу тағайындалған: 1411 және 1425-1427 жылдар (Троицк соборын ағаш және тастан тұрғызған мерзіміне сай, дәл сол кезде Рублевті сурет салуға шақыртқан).

Дайындаған: Анар Мұстафина

Сурет: yes.com.ru

A. Mustafina