Шілденің 1-і күні Ұлттық мұражайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Халықаралық «PHOTOfest.kz» фотофестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Фестиваль аясында әлемдік фотографтардың 200-ге жуық үздік фотосуреттері қойылып, Ұлттық мұражай ұлт пен нәсілге, дін мен тілге бөлінбейтін фотоөнердің, жалпы халықтар арасын жалғаған әлем мәдениеттерің тоғысқан мекеніне айналды.
Іс-шараға арнайы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Мұхамедиұлы Арыстанбек қатысып, фестивалге байланысты өз тілегін білдірді.
«Құрметті фотофестивалдің қатысушы қонақтары! Қазақстан Республикасының бас қаласы Астанада өз жұмысын бастаған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ашылған Xалықаралық «PHOTOfest.kz» фотофестиваліне қош келдіңіздер. Өнер адамдар арасын жақындастыратын бірден бір құбылыс. Мемлекетіміздің саясаты және елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өнер саласына үлкен қолдау көрсетіп, Қазақстанның жан-жақты дамуына, әлемдік мәдениет қорына үлес қосуына әрдайым ат салысып келеді. Соның бір дәлелі бүгінгі өтіп жатқан «PHOTOfest.KZ»фотофестивалі. Мұнда әлемге танымал фотографтардың керемет туындылары халыққа ұсынылып, еліміздегі фотография өнері тағы бір биік белесті бағындырды деп білем» – деді.
Бүкіл әлем бойынша фотокөрмелерін өткізген, Жапонияның атақты фотографы Йошида Шигеру, Франциядан Жан Тюрко, Италиядан Ен Нико, АҚШ-тан Павел Антонов, Түркиядан Исмайл Хайкар, Ресейден Андрей Мартынов, Татьяна Зубкова сынды өнер майталмандары қатысқан бұл фестивалде, сонымен қатар еліміздің кәсіби фотографтары өздерінің тамаша туындыларын паш етті, олар Асылхан Әбдрайым, Шүкір Шахай, Мақсат Шағырбаев, Тұрар Қазанғапов. Қазақстанның мәдениетімен алғаш рет танысқан Андрей Мартынов, Ресейдің танымал фотографы, әлем бойынша бірнеше фотокөрмелердің директоры, былай деді:
«Мен осында келерімде, осындай таңғажайып қаланы көремін деп ойламаған едім, астаналарыңыз өте әсем екен. Мен өзімнің елімдегі достарыма Астананың суреттерін жібердім, суреттерді көрген олар, таңдай қағып, Астанаға келуді ұйғарып отыр. Маған әсіресе қаланың ерекше әдемі архитектурасы ұнады, гипермодернизм байқалады, Бейбітшілік және келісім сарайы тіптен керемет екен, оның ең жоғарғы қабатында орналасқан келісім орталығы, қабырғаларға салынған 130 ұлттың символы - 130 көгершін қандай тамаша, бұл нағыз бейбіт Қазақстанның ұстанған толерантты саясатының дәлеліндей ғимарат екен. Бұл қалада жастардың көп екенін байқадым, әсіресе жас жұбайлар, бала-шағаларымен қыдырып жүрген отбасылар өте көп екен, демек бұл елде адамдар бейбіт, әрі тыныштықта өмір сүріп жатыр деген сөз. Астанаға ғашық болып қалғанымды жасырмаймын, бұл фестиваль жалғасын тапса екен деп тілеймін, және осы фестивалді Францияның төрінен көргім келеді» – деді қонақ.
«Іс-шараның басты мақсаты Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихына енетін, Орталық Азиядағы ең ауқымды фотофестивалді ұйымдастыру арқылы, еліміздің мәдениеті мен өнерін асқақтатып, әлемдік деңгейге шығару, әрі халықтар мен ұлттардың бейбіт аспан аясында өмір сүруін көздеген, мемлекетіміздің ұстанған бағыт бағдарына өзіндік үлес қосу болатын» - деді іс-шараның ұйымдастырушылары.
Фестивалдің аясында, қатысушылар, байтақ еліміздің көркем мекендерін (Бурабай, Қорғалжын, Баянауыл, Ұлытау, Қарқаралы, Түркістан, Отырар, Шарын каньоны, Шымбұлақ, Медеу, Тамғалы тас, Көлсай) аралап, фотоға түсіретін болады. Түсірілген фотосуреттердің үздіктерінен «PHOTOfest.KZ - гүлденген Қазақстан әлем фотосуретшілерінің көзімен» атты фотоальманах жасалады. Бұл іс-шараның еліміздегі туризм саласының дамуына да үлкен үлес қосары анық. Ұлттық мұражайда орналасқан фотокөрме шілденің 18-не дейін жалғасады, мұндағы шет елдік фотографтардың өзіндік стилдегі ерекше суреттерімен қатар, еліміздің кәсіби фотографтарының заманауи суреттері де қызықтырмай қоймайды. Әсіресе, елбасының 22 жастағы суреті мен қазақ даласындағы керемет көріністер көздің жауын алады.