Адамзат тарихындағы ең ықпалды 100 фото (1-5)

Адамзат тарихындағы ең ықпалды 100 фото (1-5)
Фото: oner.kz, massaget.kz

Өткен жылы америкалық Time журналы адамзат тарихындағы ең маңызды әрі ықпалды 100 фотосуретті анықтаған болатын. Бір ғасырлық тарихы бар танымал журнал ұжымы бұл жобаны жүзеге асыру үшін 3 жыл уақытын арнаған болатын.

Oner.kz сайты сол суреттерді түсірілу мерзімі бойынша іріктеп, хронологиялық ретін сақтай отырып олардың түсірілу тарихы туралы танымдық ақпаратты сіздің назарыңызға ұсынуды жөн көрдік. Ақпараттық материал бес-бестен топтастырылған сериялық мақала ретінде жарық көріп отыратын болады.

     VIEW FROM THE WINDOW AT LE GRAS
“Терезедегі көрініс. Ле гра”
1826жыл
Жозеф Нисефор Ньепс

Бұл ашылу ГЕЛИОГРАФИЯ деп аталады және ол - жарық әсері арқылы жасалған бір мезеттік әрекеттің нәтижесі.

Жозеф Ньепс

Адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосуретті жасаған адамның нағыз өнертапқыш екені айтпаса да түсінікті. “Терезедегі көрініс” аталатын бірінші гелиогравюраны Жозеф Нисефор Ньепс есімді француз түсірген. Өнертапқышты бейненің көшірмесін алудың жаңа жолдары қызықтыратын. Сол жолдарды табу мақсатында Ньепс шығыс Францияның Сен-Лу-де-Варенн қаласындағы Гра елді мекенінде орналасқан шеберханасына арнайы құрылғы орнатады. Ол обскур камерасы деп аталатын. Аталмыш құрылғы күн сәулесі арқылы бейненің тікелей көшірмесін жасайтын. Шеберхана терезесіндегі көріністі фотосуретке түсіру Ньепс мырзаның 14 сағат уақытын алыпты. Тынымсыз елгезектік пен төзім нәтижесінде адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосурет алынды.

Ньепстің еңбегі фотоөнер саласының негізін қалады десек артық айтқан болмас. Кейін ол Луи Дагер есімді суретшімен бірлесе жұмыс жасады. Суретшінің дагеротипті аталып кеткен түсірілімдері фотоөнер саласының даму үдерісін жаңа деңгейге көтерді.

Ал, тарихи суреттің түпнұсқасы қазіргі таңда Техас штатының Остин қаласындағы зерттеу орталығында сақтаулы тұр.

BOULEVARD DU TEMPLE
Тампль Бульвары
1839жыл
Луи Дагер

Мен жарықты аулап алып, қапасқа қамап қойдым. Күн мен үшін сурет салуға мәжбүр болды.
Луи Дагер

Париждің Тампль Бульварында жұмыс жасап жүрген аяқ киім тазалаушы өзінің адамзат тарихындағы ең ықпалды фотосурет түсіруші атанарын білді ме екен?! Оның есімі Луи Дагер болатын. 1839 жылы Луи жасаған сурет – адам сұлбасы бейнеленген алғашқы  фото туынды еді. Дагерге дейін адам келбеті тек қылқылым шеберлерінің картиналарында ғана бейнеленген болатын.

Аталмыш суретті түсіру үшін Луи өз объективін бульварға бағыттап, кейін, бірнеше минут бойы күміс жалатылған мыс дискіні жақын ұстап тұрған. Ал, суреттің өңделуі химиялық заттардың көмегімен жүзеге асырылған екен. Тампль бульварында түсірілген бұл сурет – айнамен шағылысу нәтижесінде алынған бірінші фотосурет (mirror-image photograph).

THE VALLEY OF THE SHADOW OF DEATH
Өлім көлеңкесінің алқабы
1855жыл
Роджер Фентон

Адамдар соғыста өледі. Бірақ,бұл суреткер олардың бейнелерін сақтап, мәңгілік ғұмыр сыйлап үлгереді.
 ‘Қырым суреттері’, Қыркүйек 1855

 

Қырым соғысы немесе Шығыс соғысы 1853 және 1856 жылдар аралығында Ресей империясы мен Ұлыбритания, Франция, Түркия, Сардиния одақтары арасында өткен. Үш жылға созылған соғыста Роджер Фентон есімді британ фотографы Қара теңіз жағалауына тұрақтап, әскери репортер ретінде фотосуреттер түсірген екен. Әдетте соғыстан еш тәжірибе алмай, сол қателікті қайта-қайта кешетін күллі адамзат Фентонның суреттерін көрген соң соғысқа деген көзқарасын өзгерткендей сезіледі.

Сол 360 фотодерек ішінде “Өлім көлеңкесінің алқабы” аталатын суреттің алар орны ерекше. Англия фото қоғамының негішін қалаушы, сондай-ақ, Виктория ханшайымның жеке фотографы болған Роджер Фентон - адамзат тарихындағы алғашқы әскери репортер.

“Өлім көлеңкесінің алқабы”  фотосуретінде жол үстінде шашылып жатқан жарылғыш заттар бейнеленген. Бір қызығы, бұл суреттің екінші нұсқасыда бар болып шықты. Онда жарылғыш заттар жол жиегінде жатыр екен. Бұған қатысты көптеген фотосурет сыншылары жол жиегінде жатқан жарылғыш заттарды Фентон әдейі өз қолымен жолға шашып тастаған деседі. Қалай болғанда да, “Өлім көлеңкесінің алқабының” берер әсері айрықша екені анық.

Abraham Lincoln
Авраам Линкольн
1860жыл
Мэтью Брэди

Табиғи суреттер түсіру мен үшін аса қиын болатын
Мэтью Брэди

 

1860 жылдың ақпан айында Авраам Линкольн Нью Йорк қаласына арнайы Купер Одағының алдында сөз сөйлеу үшін келген. Ол кезде фото өндірістің танымалдығы шарықтап тұрған кез болатын. Линкольн президенттікке үміткер ретінде мінсіз сөйлеу керек екенін жақсы білетін. Одақ жиынында сөз сөйлемес бұрын болашақ президент Бродвейдегі Брэдидің фотостудиясына кіріп, жоғарыдағы суретін жасатады. Брэди болса Эдгар Аллан подан бастап, Джеймс Фенимор Куперге дейінгі танымал тұлғалар бейнесін жасаған портретист еді.

Линкольн сырт көзге тым ұзын көрінетін мойнын жейдесінің жағасымен жасырып, дайын болған соң, нағыз саясаткерге тән қалыпта суретке түсті. Кейін, президент атанғын соң, Линкольн “Мені президент қылған Брэдидің суреті” – деп қалжыңдаған екен.

Cathedral rock, Yosemite
Катедраль Рок, Йосемити
1861жыл
Карлтон Уоткинс

Еуропалық көркем суреттермен салыстыруға келетін мінсіз өнер туындысы .

Оливер Холмс, 1862


Йосемити паркінің ұлттық қорық атануына XIX ғасырдың танымал натуралисі Джон Мюирдің сіңірген еңбегі зор. Алайда, жоғарыдағы “Катедраль рок. Йосемити” фотосуретін түсірген Карлтон Уоткинстың ықпалын да жоққа шығара алмаймыз. 

Ландшафт фотографы ретінде Уоткинс аталмыш парктің табиғи сұлулығын суретке түсіріп, құнды деректер жинастырған. Ол өзінің кең форматты фотоаппараты арқылы жасаған суреттері арқылы көпшілікті таңқалдырды. Өйткені, Йосемити табиғатының сұлулығы ешкімді бей-жай қалдырмады. Суреттерді көрген АҚШ президенті  Авраам Линкольн 1864 жылы Йосемитиді коммерциялық мақсатта пайдаланудан шектейтін заң жобасын жасаған болатын. Соның нәтижесінде көптеген парктер мен ұлттық қорықтар сақталып қалды.

Табиғат-Ананың теңдессіз сыйын сақтап қалуға әсер еткен суреттің ең ықпалды 100 фотосурет тізімінен табылуы өте орынды. 

А. Оралқызы