"En L’an 2000" атты суреттер топтамасы жайлы естуіңіз бар ма? Бұл топтаманы 1900 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеге Жан-Марк Коте бастаған бір топ суретші дайындаған екен. Оның ерекшелігі – суреттер болашақты болжап, XXI ғасырда әлемде болуы мүмкін өзгерістерді көрсеткен. Көрме өткеннен кейін, туындылар қоғам тарапынан талқыға түсіп, он жылдай ел аузынан түспепті. Тіпті, темекі мен ойыншық қораптарын безендіруге де пайдаланылған көрінеді. Француздардың тапқырлығына тамсанған неміс суретшілері шет қалмай, араға уақыт салып өз топтамасын жасап көрген. Ал, немістерден кейін орыс өнерпаздары шабыттанып, "300 жылдан кейінгі Мәскеу" деген топтама дайындаған. Таңғаларлығы, "En L’an 2000" жобасындағы кей суреттер болашақты дәл болжай алған екен. Массагет порталы сол суреттерді іріктеп, назарларыңызға ұсынады.
Жақында Дубай өрт сөндірушілері қызметін атқару кезінде джетпактың көмегіне жүгінетінін хабарлады. Бұл адамдарды тілсіз жаудан құтқару жұмысын әлдеқайда жеңілдетпек. Әрине, туындыларда көрсетілген қанатты құтқарушылардай емес. Десе де, суретшілердің ұшқыш өрт сөндірушілер туралы болжамы жүзеге асты деуге келеді.
Қолға ұстауға ыңғайлы кішкентай құрылғылардың пайда болатынын және сол құрылғылар арқылы біраз жұмысты іске асыру мүмкіндігі туатынын болжау о бастан қиын еді. Дегенмен, топтамадағы "видеоқоңырау" жайлы жорамал орындалғаны анық.
Үй жинауда көп көмегін тигізетін шаңсорғыштардың пайда болғанына біраз болды. Ал, роботтар әлі барлық елге тарап үлгермеді. Десе де, жапондардың арқасында болжам дәл келді. Қазір үй ішін реттеу бұрынғыға қарағанда жеңілдей түскендей.
Химия-физикалық зерттеулердің нәтижесінде қазіргі уақытта ас дайындаудың "молекулярлы аспаздық" деген әдісі зор танымалдылыққа ие болып тұр. Мұндай тағам дайындалғанда сыртқы пішініне өзгеріс енсе де, оның құнарлығы, құрамы мен дәмі сақталады. Суретшілердің бұл долбары да сәтті болған.
Өздігінен сырғанайтын электро роликтер қазіргі кезде үлкен танымалдылыққа ие. Бұл тұрғыдан алғанда адамзат болжаушылардан әлдеқайда озып кетті.
Үй салатын 3D принтерлердің пайда болуы – құрылыс саласына үлкен жаңалық алып келді. Суретшілер бұл көріністі басқаша елестеткенімен, олардың: "Басқарушысы болса, үйді техниканың өзі-ақ салады",– деген болжамы дәл келді.
Көшеге шығып газет сатып алмай, үйде отырып-ақ барлық жаңалықты білуді "En L’an 2000" жобасының авторлары қатты армандаған секілді. Олардың бұл арманы XXI ғасырға дейін орындалып қойды. Суретте көрсетілген "аудиогазет" бүгін бізде радио, аудио-подкаст, аудиокітап ретінде жүзеге асты.
Тіршілігі қайнап жатқан XXI ғасырды мұхит асатын әуе кемелерінсіз елестету мүмкін емес. Адам баласының бүгінгі жетістігінің көбі елдер арасындағы жолдың ұшақтар арқылы қысқаруының арқасында болар. Әуе кемелері жайлы болжам дәл келгенімен, суретшілер оның сыртқы бейнесін басқаша елестеткен екен.
Бұл болжам нақты орындалды деуге келмес. Бірақ, соңғы жылдары әуекөлігін құрастырып, оны түрлі сынақтардан өткізіп жатқан компаниялар саны артуда. Соған қарағанда адам баласы ұшатын көліктерге мінетін күн де алыс емес секілді.
Дәл келген жорамалдар топтамасы осындай. Енді өнерпаздардың әлі орындалмаған немесе орындалуы екіталай болжамдарына қысқаша тоқталайық.