Әлеуметтік желінің күші артқалы бері барлық шығармашылыққа жақын адамдардың басымдылығы артқан сияқты. Осы уақытқа дейін өзім үшін қызық қазақ, шетел иллюстраторларына жазылып, жұмыстарын сырттай бақылап жүретінмін. Жақында жарыққа шыққан Ғалымжан Молданазардың "Махаббатым", Мақпал Жұмабайдың "Ауа" атты мақамды жырына түсірілген анимациялық бейнебаян соңғы уақытта иллюстрацияға деген сұраныстың артқанын және оқырман қызығушылығы жоғары екенін дәлелдегендей. Бірде Инстаграм желісін ақтарып отырып, қызық суретшінің жұмыстарына тап болдым. Әлеуметтік желідегі атақты "ник" атауы да бірден көзге түсті: "Qantars".
Өзімен таныса келе, Ақтөбеден екенін білдім. "Есімім Қаңтар Самал. Сурет саламын. Одан басқа мен туралы қызық ақпарат жоқ”, – деді өзі жайлы сұрағанымда. – "Орта мектеп оқып жүргенімде сурет лицейінен қосымша сабақтарына қатысып, сурет сала бастағанмын, бірақ кейін ол сабақтарды тастап кеттім. Содан кейін сурет салуға университеттің бірінші курсында ғана қайтып оралдым" – деп шығармашылық жолы қайдан басталғанын айтты.
Желіден бір де бір суретін таппаған соң, өзінің суретін жіберуді сұрадым. Сұрауын сұрап алып, кейін ұялып қалдым. Әдетте, әлеуметтік желіде суретті жіберуді есерсоқ, не істерін білмей жүрген адамдар сұраушы еді деп ойладым. Бірақ, Самал да жоқ демеді. Тек өзінің суретін ғана емес, ылғи әлеуметтік желіде қолданатын өзінің кейіпкерін жіберді: "Мына суретті барлық жерде аватарым ретінде қолданам, осы болмай ма?"
Ендеше бүгін мен сіздерді суреттері қызық, өзі жұмбақ Самал есімді жас иллюстратормен таныстырамын.
Томирис: Шығармашылық адамдарының өздеріне ғана тән атмосферасы бар дейміз. Оларды шабыттандыратын муза деген ұғым да бар. Енді бірі үшін музыка тыңдау, енді біріне кофе ішу керемет туынды жасауға септігін тигізеді. Дәл осындай сізге ғана тән дәстүр бар ма?
Qantars: Дәстүр деуге келе ме білмеймін, бірақ сурет саларда өзіммен өзім жалғыз отырғанды жақсы көремін. Кейде суреттің атмосферасына сай келетін плейлисті қосып қоямын, кейде лекциялар мен радиосұхбаттардың жазбаларын тыңдаймын.
Маған шабыт сыйлайтын жандар:
Қазақстандық классик суретшілерден маған Гүлфайрус Исмаилова мен Қанапия Телжановтың картиналары ұнайды. Ағымсалы Дүзельхановтың суреттерін кітап-журналдардан көріп өсіп, бала кезімнен жақсы көремін. Заманауи суретшілерден әсіресе Нұрлан Қилыбаев пен Мұрат Ділмәновтың шығармашылығы ұнайды.
Шетелдік суретшілерден әйгілі манга суретшілері Игараси Дайсукэ, Иноуе Такехико, Урасава Наоки мен Каору Моридің жұмыстарын сүйіп бақылаймын. Қытай артерлерінен Zeen Chin мен Zao Dao-ның суреттері тамсандырады. Батыс суретшілерінен Дж. К. Лейендекер және Джон Сардженттің картиналарынан шабыт аламын.
Мен қолданатын құрылғылар мен кеңестер
Жүйелі түрде сурет салып жүргеніме шамамен 5 жылдай болды. 2013 жылдың аяғында өзіме жаңа жылдық сыйлық ретінде Wacom Bamboo pen планшетін сатып алып, сонымен сурет жолымды бастағанмын. Қазір One by Wacom Small планшеті мен Clip Studio Paint, Paint Tool SAI бағдарламаларын қолданамын.
YouTube видеохостингінен спидпейнттер (Speed Painting) мен түрлі-түрлі сабақтар (tutorial) қарағанмын. Proko-ның сабақтары ең пайдалысы болды, CGspeak-тегі сұхбаттар мен суретшілердің арналары. Одан бөлек, былтыр Skills Up-тың екі айлық онлайн курсына қатысқанмын. Ең бастысы тоқтамай сурет сала беру керек.
Кейіпкерлерім қалай дүниеге келеді?
Суретке арналған кейіпкер болса, ең алдымен фото референстер жинаймын, сосын көптеген скетчтер саламын. Салынған скетчтердің арасынан ұнаған біреуін таңдап, кейіпкерді суретей бастаймын. Ал комикске арналған кейіпкерлеріме фото референстен бұрын сипаттамалар мен мәтінді референстер жинаймын. Жеке комиксімді салуға әлі кіріскен жоқпын, сондықтан оның кейіпкерлері туралы айтатын ақпарат та аз.
"Qantars" сыры
Ешқандай құпиясы не жасырын мағынасы жоқ. Инстаграмда "Qantar" деген логин бос болмады, сосын "qantars" дей салдым. Туған күнім қаңтар айында болған соң, ай атауын никнейм ретінде таңдадым.
Томирис: Фоллоуерлеріңізге жасаған жұмысыңыз ұнамайды деп ойлайтын сәт бола ма?
Qantars: Бұл жайында күнде ойлаймын. Сурет салуды өз бетіммен үйренген соң әрі бұл өнердегі жолымды кештеу бастағандықтан "суретім нашар", "көп затты өзім ойлағандай сала аламаймын" деген ойлардан арыла алмай жүрмін.
Томирис: Сіз ешқашан суреттемейтін нәрсе бар ма?
Qantars: Өмірде кездесуі мүмкін емес зат. Бірақ қазіргі биліктен суретке тапсырыс түсіп жатса, ондай суреттен бас тартар едім. Ал былай белгілі бір шектеулерім жоқ, ұнаған заттың бәрін саламын.
Томирис: Өзіңіздің қай кейіпкеріңізбен тілдескіңіз келеді?
Qantars: Жақында салған сурттерімнің ішінен мына тұрған кейіпкермен әңгімелескім келеді. Өмірі қызық көрінеді.
Шынымен, Самал айтқандай бұл кейіпкердің өмірі қызыққа толы секілді. "Менің өз таңдауым бар. Бұл менің өмірім – өзім білемін" деп тұрғандай. Бұл кейіпкерге Самал атау бермеген сияқты. Сіз қандай ат қояр едіңіз?
P.S: Әлеуметтік желі қаншалықты адамдардың шығармашылығына ықпал етсе, соншалықты оның өзін-өзі бағалау деңгейіне де әсер етеді. Кейде біреуге "жалықпа, қолыңнан келеді, іске кіріс" деп ақыл айтқанымызбен, дәл соны өзімізге айтатын адамды керек етеміз. Сондай жағдайда, оқырман не дейді деген ойдан шығармашылықты жоғары қойып, "міне, жұмысым" деп көрсеткендер бәрін басып озатынын ұғамыз. Самал да сондай жандардың бірі. Ендеше, іске сәт дейміз!