Университет түлектерінің "балмұздақтарға" кеңесі

Университет түлектерінің "балмұздақтарға" кеңесі
Фото: Yernar Almabek / Massaget.kz

Университетке түскен "балмұздақтар" оқудағы төрт жылын қалай өнімді, пайдалы өткізе алады? Қазақстандағы танымал университеттерінің түлектері кеңестерімен бөлісті. 

Арғынбек Құнанбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің түлегі

Қадірлі менің замандасым, шамшырақ! Ізденсең – табасың, алыссаң – аласың. Уақытың – сенің бақытың. Бізге уақыт берілді. Бала күйіңізде қаласыз ба, әлде асқан дана боласыз ба уақыт атты үлкен ұғымның, өз деңгейіңіздің, зерек пен зейініңіздің мәселесі. Жетілгіңіз келе ме? Уақыт бөліңіз.

Бір рет сабаққа бармағаныңыз – басыңызға тиген таяқ

Ертең сабақ басталып, студенттер анталап келіп, абыр-сабырмен сандалып жүргенде сіздің 3 аптаңыз көзден ғайып болады. "Алғашқы әсер", "алматылық пафосқа" мастанып жүргенде оқылмаған семинар сабақтары, қатыспай қалыс қалған дәрістер, тапсырылмаған СӨЖ, толтырылмаған дәптерлер сізге әжептәуір уайым болады. Омалып отырасыз да қаласыз. Айтпағым, университет талабы қатал, жүйесі мықты. Сізді күтіп отырмауы мүмкін. Бір рет сабаққа бармағаныңыз – басыңызға тиген таяқ. Сіз 4 жылда 2 рет мемлекеттік емтихан тапсырасыз. Оған да бей-жай қарамаған жөн. Стипендияға, жоғары стипендияға 1 балл жетпей зыр жүгіргенде сізді "қан қақсататын" да осы – сабаққа селқос қарауыңыз. Еш қиындатпаңыз, жай ғана сабақтан қалмасаңыз болғаны. Уақыт – жалпы. Сіз – жалқы. Уақыт – аз. Адам – көп.

Барлығы сіз ойлағандай болмауы мүмкін. "Жеп-жеңіл, кезінде оқығанбыз ғой» деп атүсті қараған сабақтарыңыздың өзі жеңіл болғанмен, сізге сабақ беретін, дәріс жүргізетін профессор, доценттер қиын, қыңыр болуы әбден мүмкін. Бұдан түйеріміз, адамдардың көңілін тауып, сабаққа жауапкершілікпен (кітап, қосымша материалдар, мақалалар, сөздік, құрал-жабдық) келуіңіздің өзі өте-мөте өзекті.

Сізге таныс емес "GPA", "рубежка", "аралық бақылау", "мидтерм", "СӨЖ", "сессия-семинар" сынды сан түрлі сөз жыл аяғында жадыңызда жатталып, санаңызда сақталып қалады. Өзіңіз байқамай да қалуыңыз мүмкін. Бір қарасаңыз аралық бақылау жақындап қалған. Семинарға жай, шала-пұла дайындалғансыз. Ал уақыт болса аз. Бұндай картина болмас үшін, ертерек қамдану керек. Өзіңізден мықты, білімі жоғары жақын дос табуға тырысыңыз. Шынайы дос болыңыз.

Бұдан шығатыны – сізге студенттік жылдары сан түрлі адам, тағдыр тоғыстырған түрлі пенде, өмірдің өзі түйістіре беретін жақын адамдар кездеседі. Студенттік жылдардан көп дос, шынайы бауыр табыңыз.

Кешігу – кемшілік емес, арсыздық!

Жатақхана деген – өз алдына жеке тақырып. Жақын жерде болғасын 5-10 минут бұрын сабаққа әбден тақалғанда шығып, кешігіп бару деген әдет пайда болады. Сондықтан таң ата жаттығу жасап, бойыңызды білім алуға алдын ала дайындағайсыз. Кешігу – кемшілік емес, арсыздық!

Ірілі-ұсақ іс-шаралардың барлығына аңқылдап жүгіре бермеңіз

Университетте де, жатақханада да мерейтой, ашылу салтанаты, атап өту, қарсы алу кеші дегендерден бөлек, ұсақ-түйек көптеген "іс-шаралар" болады. Іс-шараларға қатысу сіздің мүмкіндігіңізді ашады, адамдармен, ортамен байланыс орнатасыз. Ашыласыз, бәлкім өзіңіз білмеген бір қырыңызды көпке танытасыз. Бірақ, кейбір "іс-шараларға" алтын уақытыңызды құртам деп жүріп, еліктеумен, жалтақтықпен-ақ уақытыңыз жоғалады. Сондықтан ҚазҰУ-дың студенттік ұйымдарына таңдап, талғап кіргеніңіз жөн. Өкінбейсіз. Дегенмен, ірілі-ұсақ іс-шаралардың барлығына аңқылдап жүгіре бермеңіз.

Өз-өзіңізге ғылыми аура құрыңыз

Алатаудың баурайындағы ару қала Алматының қақ төрінде орналасқан біздің ҚазҰУ-дың кеңістігін, Казгуградты дұрыс пайдаланыңыз. Ұйқыны азайтып, таңғы серуенге, жаяу жүріске, мықты музыкаға уақыт арнаңыз. Хоббиіңізбен айналысыңыз. Жүзуге барыңыз. Кітапханада тапжылжымай отырып, ізденіңіз. Өз-өзіңізге ғылыми аура құрыңыз.

Сізге пайдасы тиіп қалар деген ниетпен мына сілтемелерді ұсынамын:

"Данияр Жігітбек" телеграм-каналы
Қуаныш Шонбай - Қиындатпа!
FrYday W c Маргуланом Сейсембай
Ең пайдалы 10 телеграм-бот

Сонымен қатар шетелдік грант, стипендия, тағылымдамалар жайлы хабарлап отыратын múmkindik телеграм-каналы мен grants.kz сайтындағы жаңалықтарды бақылап жүруге кеңес беремін.
 
Кітапхана демекші, біздің Әл-Фараби кітапханасының кітап қоры, қызмет көрсетуі, студенттерге арналған оқу залы, электронды кітапхана, тегін каталогтар мен қолға түсе бермейтін материалдар анау-мынау универлерде, тіпті мемлекеттерде жоқ жер. Техникалық жабдықтар, тегін сканер, тиімді тапсырыс, қоры мол абонементтер жүйесі барлығы – сіз бен біздің қамымыз үшін. Уақыт тауып, босай қалсаңыз біздің кітапхананың 3-қабатына барып, электронды оқулықтармен, әлемдік сайттардың тегін әрі онлайн-курстарымен, диссертациялық қорымен тәптіштеп отырып танысып алыңыз. Сізге аз уақытта СӨЖ орындап, жылдам презентация жасауға көмектесетін жер осы – 3-қабат.

Презентация демекші, сіздің презентация, ғылыми жоба мен баяндамаларыңыз – креатив ойлауыңыз бен талғам деңгейіңізді көрсететін, топта суырылып алға шығаратын детальдар. Сізге креатив керек. Бұған бей-жай қарамаңыз. Семинарларда жоғары баға алу үшін барыңызды салыңыз. Microsoft PowerPoint, Keynote, LibreOffice Impress, Prezi, Canva сынды бағдарлама мен онлайн-қосымшаларды пайдалануға кеңес беремін. Ал мынау – презентацияны тап-тұйнақтай жасауға көмектесетін топтамалар:

PowerPoint-тың үздік 20 шаблоны
Керім шаблон жасауға көмектесетін 10 лайфхак
PowerPoint 2018-дің 54 тегін шаблоны
Сүйсіндіретін презентация. 2017 жылдың басты трендтері

Өзіңізді жан-жақты дамытыңыз. Біздің ҚазҰУ-дың хабаршысын міндетті түрде оқып, өзіңізге ұнайтын тақырыпты іздеп, онлайн жүктеңіз. Өте пайдалы. ҚазҰУ Хабаршысынан мақалаларды өз жұмысыма сілтеме ретінде өте көп пайдаландым. Жаңа мәліметтерді Әл-Фараби кітапханасының сайтынан үнемі бақылап отыра аласыз. Сәуір айында болатын халықаралық "Фараби оқуларына" ғылыми мақала жазып, ғылыми стильді меңгеріңіз.

Кемел келешек, болар болашақ, жемісті жылдар уақыт атты "құбылмалы" құралдың тілін таба білсең ғана келеді. Менің "менім" осылай дейді.

Жазира Өтесбай, Абай атындағы ҚазҰПУ Математика, физика және информатика факультетiнің түлегі

Жан-жақты білім керек

Оқу процесінде сабақтардың барлығына бірдей көңіл бөлу керек деп ойлаймын, себебi өз мамандығыңызды жетік білу – сіздің басты мүддеңіз. Дегенмен тек өз салаңызбен шектеліп қалу да жеткіліксіз. Кез келген сала мамандарымен еркін диалог құрып, тiптi күнделiктi өмiрде де адамдармен "conversation" жасау үшiн де жан-жақты білім керек. Өз мамандығыңызға ғана қатысты тақырыпта сөйлесе берсеңіз, олар үшiн қызықсыз адам болып қалуыңыз мүмкін.

Бірінші курсқа оралуға мүмкіндік болса...

Төрт жыл бұрынғы уақытқа оралуға мүмкіндік болса, уақытымның көбін кiтап оқуға, механика сабағына арнайтын едім. Себебi физиканың осы саласын ұнатпайтынмын, ақыр соңында магистратураға түскенде қайта алдыма келiп, аздап қиналдым.

Бакалаврға оралсам, диплом жұмысыма көп көңіл бөлер едім. Менің жобам IT қабілетті қажет етті, ал мен тек бір жарым ай ғана IT сабақтарын оқып, диплом жұмысымды қалаған деңгейде орындай алмадым.

Сондай-ақ волонтерлiкке көбірек уақыт бөлер едім. Себебi мен тек 3 курстан бастап волонтер болдым. Оған дейін сабаққа барып-келіп, үйге қайту үшін каникулды асыға күтіп, өзімді қосымша шыңдайтын, әсер сыйлайтын дүниелерді жоғалтып алғандай болдым. Ал волонтерлік іске келгелі менде көп нәрсе өзгерді.

Бірінші курсқа оралуға болатын болса, бакалаврда Work & travel бағдарламасына қатысып, 3 жыл қатарынан АҚШ-қа барып қайтар едім.

Ағылшын тілін білмегендіктен көп шарадан құр қалдым. Мысалы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Литвада болғанымда, біраз қызық шаралар өтті. Оған ағылшыным нашар деп қатыспай қалдым.

Кемі бір жыл белсенді студент болыңыз

Университет белсендісі болу өте қиын, дегенмен кемі бір жыл белсенді болып, іс-шаралар ұйымдастырып, жаңа орта табуға кеңес беремін. Себебі белсенділер құрамында сіздің өміріңізге жақсы әсер ететін адамдар, жан-жақты шыңдайтын жобалар болуы мүмкін.

Волонтер болуға шақырамын

Халықаралық деңгейдегі шараларға қатысып, қайырымдылықпен айналысып, skill жинап, жаңа дос тауып, өзіңіздегі ұялшақтықты жеңгіңіз келсе, жалпы айтқанда түрлі әсер алғыңыз келсе, волонтер болуға шақырамын.

Қазір волонтерлік ұйымдар көп: "Көмек", "Волонтерлер лигасы", "Волонтерлер ассоциациясы".

Одан бөлек АҚШ-тың Алматыдағы консулдығындағы American Corner and Makerspace ұйымының шараларына қатысуға болады. Оларда бәрі тегін, тек кейбір шараларға тіркелу керек. Онда мысалы пікірталасқа, би сабағына, speaking club-тарға қатысып, 3D принтермен жұмыс істеп, видеомонтаж үйренуге болады. Толығырақ ұйымның желідегі парақшаларынан білуге болады.

Осыған ұқсас AIESEC үкіметтік емес жастар ұйымы бар. Онда шетелдік мамандардан сабақ алып, тілдесуге, тіпті host family болуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жылына екі рет ұйымдастырылатын Developing Leadership Day шарасына қатысып, танымал тұлғалардың спичтерін тыңдап, олармен ой бөлісіп, ақылын тыңдауға кеңес беремін.

Айбол Ізбасар, Сәтбаев Университеті Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар факультетінің түлегі

Өз мамандығыңыздың сұранысқа ие болатын тұстарымен танысыңыз

Университет қабырғасындағы уақыт нағыз мамандарды қалыптастыруға бағытталады. Сол себепті өз мамандығыңыздың сұранысқа ие болатын тұстарымен бірінші күннен бастап танысуға тырысыңыз. Өз бетіңізше олармен танысып үйрене беріңіз, бұл сіздің маман ретінде бағаңызды арттыра түседі.

Пәндерге қатысты сапалы кітапты алуға тырысыңыз. Олар тапсырмаларды орындауға, өткен тақырыптарды түсінуге және ақпарат іздеуге уақытыңызды едәуір үнемдейді. Интернеттегі ақпараттың барлығы бірдей шынайы емес екенін естен шығармаңыз.

Барлық тапсырманы жазып отыруды әдетке айналдырыңыз, сонда уақытыңызды қайда, қалай жұмсайтындығыңыз, жоспарыңыз әрдайым қолыңызда тұрады.

Сабаққа керек файлдарды, құжаттарды, зертхана жұмыстарын, өзіндік жұмыстарды, курстық немесе семестрлік жұмыстарды тек бір USB-флешкада немесе компьютерде ғана емес, көшірмелерін GoogleDrive, Dropbox, ЯндексДиск секілді сервистерде сақтаңыз.

Қабілетіңіз шешуші рөл атқаруы мүмкін

Құрғақ теориядан гөрі іс жүзіндегі тәжірибе артық. Сондықтан мүмкіндігінше университеттегі түрлі жобаға қатысып, қосымша практикалық тұрғыда шыңдала беріңіз. Себебі кейін жұмысқа орналасқан кезде түйіндемедегі қабілеттеріңіз шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Достарыңызбен бірге көбірек уақыт өткізіңіз. Бұл шаршағанды ұмытуға көмектеседі.

"Тәртіпке бағынған құл болмайды", өз тәртібіңізді құрыңыз, өз-өзіңізді уақытты тиімді пайдалануға тәрбиелеңіз.

Толқын Әбілгерейқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің түлегі

Барлық сабақ пайдалы емес

Әдетте, бірінші курстағы пәндер – ең маңыздысы. Бірінші жылы кесте де, сабақтар да тығыз болады. Оған бой үйрету керек және дәл сол бірінші курстағы пәндерге барынша күш салған жөн. Себебі мамандықтың негізгі қайнар білімі сонда. Екінші курста да сондай, ал қалған үшінші және төртінші курста пәндер ала-құла өзгеріп, кейде мамандыққа қатысы жоқ, не аса пайдасы жоқ сабақтар қосыла бастайды. Бұл пәндердің дәріс-семинарына қатыспаса болмайды. Бірақ балл керек болған соң сабаққа қатысу керек, ондайда сабақ үстінде тұлғалық дамуыңа қатысты түрлі пайдалы іспен айналысуға болады. Мен мысалы сабақ та, мұғалім де іш пыстыра бастаса, көркем әдебиет оқып, пайдалы онлайн-курстарды тыңдап отыратынмын. Мысалы мамандығыма қатысты Mruniversity.com мен Қазақстанның ашық университетіндегі кейбір пайдалы курстады бітірдім.

Жаңа дағды үйреніңіз

Көп студент барынша жан-жақты білім алып жатырмын деген иллюзиядан арылуы тиіс. Себебі университет беретін білім теориямен шектеліп қалады. Болашақ маманға практика керек. Сондықтан өз бетіңізбен мамандығыңызға қатысы болмаса да жаңа дағды үйреніп, қабілет шеңберіңізді үлкейте беріңіз. Болашақта оның пайдасы әйтеуір бір тиетініне сеніңіз.

Қызыл дипломнан гөрі қызыл түйіндеменің маңызы жоғары

Болашақта жұмысқа орналасарда түйіндемеңізде көрсетілген жоғары біліміңізден бөлек, жұмыс беруші қолыңыздан не келетініне, қандай бағдарламаны меңгергеніңізге, тағы сол сияқты қосымша дүниелерге сыни көзбен қарайды. Сондықтан қызыл дипломнан гөрі қызыл түйіндеменің маңызы жоғары.

Massaget.kz