Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ

Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ
Фото: Автордан, depositphotos.com

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміз бен біздің жастарымыздың басты байлығы – сапалы білім екенін бірнеше рет атап көрсетті. Жас қазақстандықтар өздерінің жоғары білім негізін қалыптастыруда ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарына сенім артады, соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің орны ерекше. 

Елбасымыздың болашақ қазақстандықтардың жаңа білімге құштар, мейлінше күрделі міндеттерді шешу үшін оның ақыл-ойы ұшқыр, жүрегі Отанға деген мүлтіксіз махаббатқа жалындап, биік мақсаттарды орындау жолында дені сау, жинақты және шыңдалған болуы тиіс деген тұжырымы дәл біздей жастарға арналғандай. 

Университетіміздің білімді, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығаратынына іс жүзінде көздері жеткен талапкерлер де, олардың ата-аналары да бұл ретте ойларын бір арнада тоғыстырғаны байқалады. Біздің университетіміз «Ел болам десең бесігіңді түзе», - деген М.Әуезов атамыздың өсиетін жерге тастамай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!», - деген Мағжан ағамыздың сөзін желге ұшырмай сенімін ақтап жүрген оқу орны екені даусыз. 

Құрылғанына 82 жыл толған оқу орны өз тарихында көптеген жетістіктерге жетіп, әлемдік аренада өз орнын көрсете алды. Университет ұжымы көпұлтты Қазақстанның экономикалық және мәдени өсуіне, саяси-құқықтық өміріне, мәдениетіне, ғылым мен білім беру салаларына орасан үлес қосып, университетімізді еліміздің жоғары білім беретін оқу орындарының биік шыңына айналдырды. Университет көптеген шетелдік ЖОО-лармен бірлесіп жұмыс жасайды. Мұнда оқитын әрбір студенттің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелге шығып өз білімдерін жетілдіруге мүмкіндігі бар. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – адамгершіліктің мың жылдық дәні егілген, жастық шақтың мәңгілік мекені, білімге сусындаған бақытты кезеңнің самал лебі есіп тұрған университет. Сүйікті университетімді сөзге тиек ете отырып, Филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының университеттің даму жолында қосып жүрген үлесі жайлы айтып өткім келеді. Кафедра меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Мәдиева Гүлмира Баянжанқызы басқарған оқытушылар ұжымы ЖОО-на түскен студенттерге жалпы тіл білімі мен шетел тілдерін, атап айтқанда, ағылшын, неміс, француз, испан және түрік тілдерін үйретіп, тура жолға бағыттап, шаттығына шаң жұқтырмай, көкірегін оятып, білім нәрімен сусындатып жүр. Кафедра меңгерушісінің ықпалымен «Шет тілі: екі шетел тілі» мамандығының студенттері шетелдік оқытушылардан білім алуға мүмкіндік алды. Шын мәнінде, адамның білім алып, оқып, оны таратқанынан артық қайырлы не бар?! 

Кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мамбетова Маншук Құдайбергенқызы факультет деңгейінде және халықаралық деңгейде өткізілетін оқу үдерісіне қатысты, тәрбие ісі бойынша әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыра отырып, олардың жоғары деңгейде өтуіне баса назар аударады. Кафедра жанынан құрылған түрлі клубтар мен үйірмелердің мүшесі бола отырып, студенттер жан-жақты білім алуға мүмкіндік алады. «Жас лингвистер», «Неміс әндері», «Speech craft», «English drama club», «Рrofessionals» атты үйірмелер мен американдық оқытушылар жүргізетін «Еnglish club» клубында студенттер шығармашылық және кәсіби деңгейлерін арттырады. 
«Жақсы мұғалім – мектептің жаны» деген Ыбырай ата ғибратымен, біздің қадірлі оқытушыларымыз сүйікті университетіміздің жаны деп ұғынамыз. Әр біріміздің көкірегімізді «Менің университетім» деген зор сүйініш кернейді. Біз оның мәртебелі тарихымен мақтанамыз және біздей сан мыңдаған шәкірттерімен абыройы арта түссе деген тілекпен жан аямай еңбек етеміз. 

Жолдаған:
Әлиакбарова Айгерім Тілесбекқызы 
Утемгалиева Насихат Адайхановна 
Рскелдиева Дана Баидибековна 

Г. Берік