- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Студенттің өзекті 10...
Студенттің өзекті 10 мәселесі
Студенттік шақты адам өмірінің ең бақытты кезеңі деп жатамыз. Алғашқы махаббат, алғашқы сессия, достық пен жастық шақ. Дегенмен, бақытты сәттерге қарамастан студенттер кездесетін негізі 10 мәселе әлі күнге дейін өзекті болып қалмақ.
1. Тұрғылықты жер:
Әрине, тұрғын үй – тек студенттердің ғана емес, барлық адам баласы күресіп жүрген негізгі мәселелердің бірі. Ата-анасынан жырақта, өзге мемлекетте не қалада білім алып жатқан студент үшін тұрақтайтын жер табу – қиынның қиыны. Кейбір университеттер жатақхана ұсынады. Дегенмен, жатақханада 3-4 курс студенттері орын алу үшін біршама терлеуге тура келеді. Болмаса, қатарластарымен бірігіп, пәтер жалдайды. Дегенмен, соңғы уақытта «студентпіз» десе пәтер кілтін бермей, қаша жөнелетіндер саны артқанына қарап, бұл мәселені өзектілер қатарынан алып тастау қиынға соқпақ.
2. Ақша:
Шәкіртақының ешнәрсеге жетпейтіні бәріне аян. Ата-ана салған ақша да жол мен тамақтан артылмайды. Пәтер ақысы, жол, түскі ас пен кейде достармен бас қосқан кезде кететін шығынды есептесек, ата-ананың бір айлық жалақысы шығады. Сондықтан, студенттер арасында қосымша жұмыспен айналысатындар, 3-4 курста-ақ өз мамандықтары бойынша жұмыс жасайтындар саны артып келеді.
3. Ұйқы:
Қосымша жұмыс, қыдырыс пен оқу. Бәрін бір күн тәртібіне сыйдыруға қиынға соғатындықтан бір нәрседен бас тартуға тура келеді. Көбіне студенттер оқуға бармауды жөн санайды. Оны білім деңгейінің нашарлығымен және талаптың әлсіздігімен байланыстырады. Дегенмен, студент – болашақ маман екенін ескере келе, оқудан бас тартпауға кеңес береміз. Қанша жерден жетіспеушілік болып жатса да, жұмыс жасауға студенттік шақпен қош айтысқаннан кейін де үлгеретініңізді ескергеніңіз дұрыс.
4. Сессияны қалай тапсырамын?
Жылына екі рет бірқалыпты өміріңіз сессияның басталуымен «супер-челенджге» айналады. Бір семестр бойына оқымаған нәрсені бір түнде жаттап алуға үміттеніп, түні бойы дайындаламыз. Сондықтан, сессияға алдын-ала дайындалуға кеңес береміз. Барлық өтілетін материалдар – сессия алды тапсырмалар. Әр нәрсе уақытында жасалса, осындай қиындық тудырмас еді.
5. Тамақтану:
Тез дайындалатын тағамдар, көшеден сатып алынған самса, қарын ашқанды сездірмейтін газды сусындар? Бұның бәрі иммунитеттің әлсіреп, түрлі аурулардың туындауына алып келеді. Сондықтан, суденттердің арасында аурушаңдар жиі кездеседі. Бұрыс тағамдарға жұмсаған ақшаңызға дұрыс тамақтар сатып алуға тырысыңыз. Түскі уақытта міндетті түрде тамақтаныңыз.
6. Оқытушымен нашар қарым – қатынас:
Пәннен нашар болмасаңыз да, оқытушымен қарым-қатынасыңыздың нашарлығы өміріңізге кедергі келтіруі мүмкін. Біріншіден, сабақта ұйықтамаңыз. Бұл оқытушыға деген сыйластығыңыздың төмендігін білдіреді. Сәйкесінше, сізге деген оқытушы көзқарасы өзгере бастайды.
7. Жұмыс тәжірибесінің жоқтығы:
Университет аяқтаған соң, мансап жолын қалыптастыру үшін жұмыс іздей бастайды. Дегенмен, тәжірибенің жоқтығы кедергі болуы мүмкін. Шешімді қалай табуға болады? Қалай ойлайсыз, әр жыл аяқталған сайын тәжірибе жұмысы не үшін беріледі? Сол уақытты пайдаланып, өз салаңыз бойынша, аздаған тәжірибе жинау үшін берілетін мүмкіндікті құр жіберіп алмаңыз.
8. Бақылау
Бір жағыңызда оқытушылар сабақтан қалмауды талап етсе, екінші жағыңыздан ата-ананыңыз бағаңызды қадағалайды. Еркіндікті қалағаныңызбен, оған қол жеткізу мүмкін емес болып барады. Бірақ, еркіндіктен гөрі, кейде тәртіп пен талап пайдалырақ. Өйткені, еркіндік берсе сіз мүлдем сабақ оқудан қалатын едіңіз...
9. Қайта тапсыру керек емтихандар:
Бір рет емтиханнан құлап, оны қайта тапсыру қиын емес. Бірақ, жиналып қалған емтихандарды қайтпексіз? Шәкіртақыдан айырыласыз, қосыма ақы төлеп қайта тапсырасыз. Болмаса, оқудан шығарыласыз. Емтиханға дайындығыңыз осал екендігін сезген кезде-ақ, осындай нәтиже күтіп тұрғанына дайындала беріңіз.
10. Бұл мәселелер ешқашан жоғалмайды:
Күнкөріс қамы өмір салтына айналады, қатал оқытушы орнын бастық алмастырады, ал өмірде сессияның сан түрін тапсырасыз.
Не істеу керек? Тек сабыр сақтап, бүгінгі күніңізбен өмір сүріңіз. Есіңізде болсын, әлемде бұдан да зор мәселелер бар. Ал, біздікі тек баста ғана.