Студенттерге шәкіртақы тағайындалады
Кеңес Рақышев («Казкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі) және Вячеслав Ким («Kaspi Bank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы) талантты студенттерге қолдау көрсетеді, олардың әрқайсысы 100 шәкіртақы ұсынады, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі taiburyl.kz порталына сілтеме жасап.
Басқа да демеушілерден қаражат жинау 30 қыркүйекке дейін созылады. Осы күні шәкіртақы иегерлерінің саны анықталады. Демеуші болам дейтін жомарт жандар қаражатты taiburyl.kz сайтынан онлайн-модуль арқылы аударуға болады. Бірлестік атынан және болашақ шәкіртақы иелерінен демеушілерге алдын ала шексіз алғыс айтамыз.
Студенттер өтінімі 2015 жылы 15 қыркүйек сағат 9.00-ден 30 қыркүйек 18.00-ге дейін қабылданады. Үміткерлер өтінімді қазақ немесе орыс тілінде онлайн тәртібінде де бере алады. Өтінім жіберілгеннен кейін 24 сағат ішінде «Taiburyl» ҚБ-ның қызметкерлері Ереженің барлық талаптарына сәйкестігін тексереді және ары қарай нұсқаулықтармен таныстырады. Қажетті құжаттарды жинақтап, сканерден өткізуі (сурет көлемі 1 мб-дан аспауы тиіс) керек. Оның тізімі «Ай сайынғы шәкіртақы» ережесінде жазылған.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқитын екінші курстан жоғары студенттер қатыса алады. Осы Конкурс шеңберінде жеңімпаз атанған студенттер 5 ай бойы (2015 жылғы қыркүйектен 2016 жылғы қаңтар аралығында) 30 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы (жеке табыс салығын қоса алғанда) алу құқығына ие болады.
Назар аударыңыз! Ережені мұқият оқыңыз. Егер сіз ең болмағанда бір тармақ бойынша сәйкес келмесеңіз, ҰБТ немесе GPA-ның бір ұпайы жетіспесе, құжаттарды жинауға және өтінім беруге алтын уақытыңызды бекерге құртпаңыз.
Конкурсқа барлық талаптарға сәйкес келетін және оны құжаттармен растаған студенттер ғана қатыса алады. Стипендиаттарға мынадай талаптар қойылады:
– Қазақстанның азаматы болу;
– сотталған не әкімшілік жазаға тартылмаған болуы;
– Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жоғары оқу орнының бакалавриатында күндізгі бөлімде оқуы;
– білім беру грантына сәйкес мемлекеттік шәкіртақы немесе Президенттік шәкіртақыдан басқа көздерден шәкіртақы алмауы;
– еңбек шарты негізінде жұмыс істемеуі;
– конкурстың барлық шартына түгелдей сәйкес келу.
Бұл конкурс Республика көлемінде жүргізіледі, яғни елдің барлық өңірінің студенттері өтінім бере алады. Грантта, ақылы бөлімде оқитын студенттер де қатыса алады.
Барлық үміткерге сәттілік тілейміз!
@. @assel_assanova