Әлемде қанша адам болса, сонша пікір бар, сонша мінез бар дейміз. Жан-жақтан жиналған студенттердің өскен ортасы, алған тәрбиесі бойынша сан қырлы болып келетіні секілді оларға білім беретін оқытушылардың да түрлі мінезі, түрлі қылығы болады. Сізге қойылатын балл сол кісілердің қолында болғандықтан әр қайсысының тілін таба білгеніңіз жөн. Тілін табу деген – жалпақтап, айтқанының бәрін құптау емес, ыңғайына жығылып, бағытына бейімделу.
БАСЫ
Біраз жерге атағы шыққан, танымал не ең жоғары құрметке лайықты мұғалімдер бар. Оған махаббатыңызды, сый-құрметіңізді білдіремін деп істеген әрекеттеріңіз жағымпаздыққа ұқсап кетпесін. Әдетте, ондай адамдар орынсыз, артық мақтау сөзді, көлгірсуді ұнатпайды.
Әрдайым отбасы жағдайын, басындағы жеке мәселесін айта беретін оқытушылар да бар. Ол мүмкін сізден өзге сыр бөлісер қолайлы адам таппаған болар. Барлығына да түсіністікпен қараған дұрыс. «Менің балам мынадай курсқа барып жүр», «менің қызым ешқашан олай етпейді» деген секілді сөздерімен, мүмкін, сізге үлгі еткісі келетін шығар.
Үнемі бір нәрсені қайталай беретін, көп сөйлеп, ұзақ түсіндіретін оқытушылар болады. Олар көбінесе егде тартқан кісілер қатарынан құралады. Адам өскен сайын бала секілді болатынын, «сиырға туған күн бұзауға да туатынын» естен шығармаңыз. Тыңдаудан жалыққаныңызды еш білдірмеңіз, ол да біреудің анасы, ол да біреудің атасы. Көңіліне қарап, бар ісіне шыдамдылық танытыңыз.
Кей оқытушылар өзінің қатып қалған ұстанымдарымен жүреді. «Аудиторияға менен кейін ешкім кірмейді», «университет ауруларды оқытпайды», «уақытыңызды жоспарлай алмағаныңызға өзіңіз ғана кінәлісіз» деген секілді жазылмаған заңдары бар. Алғашында «бізді түсінуге тырыспайды», «мейірімділік танытпайды», «талабы тым қатал» деп өкпе артуыңыз мүмкін. Бірақ сондай қатал тәртіп пен қиын тапсырманың арқасында өзіңіздің қалай шыңдалып, қалай жетіліп шыққаныңызға куә болып, оқытушыға құрмет пен алғыстан басқа айтарыңыз қалмайды. Ондай оқытушылардың әр сөзін қойын дәптеріңізге түртіп алсаңыз да артық болмайды, кейін биік-биік белестерді бағындырарда сол сөздері алға жетелеп, талпыныс берері сөзсіз.