Студент неден қорқады? #2

БАСЫ

Күлкіге қалу. Кез келген дені дұрыс кісі секілді студент те көпшілік алдында масқара болудан қорқады. Мұндай фобия бірінші курста "бөтен аудиторияда қатал оқытушыға берген жауабым дұрыс болмай қала ма" деуден басталады.

Кідіріп қалу мен ұялу – жауап беріп тұрғанда еріксіз келетін ептеген эмоция ғана. Ал жауабың дұрыс емес болса, қол дірілдейді, дауыс дірілдейді, бет қызарады, барлық белгі жүзіңізге шығып тұрады. Таңданарлығы, кейбіреулерде қанша уақыт өтсе де, нешінші курсқа келсе де бұл қорқыныш кетпей қояды. Курстық жұмыс тапсыру не диплом жұмысын қорғау кезінде бұл қорқыныштан әлі арылмаған болсаңыз, эмоцияңызға ие бола алмасаңыз, кісілік келбетіңізге нұқсан келіп, өзіңізге сенімсіз адам болып көрінуіңіз мүмкін.

Ақша жоғалту. Мұнда бәрі де түсінікті. Тек «ауырмаудың жолын іздеу керек», яғни қоғамдық көліктерге мінгенде, көшеде жүргенде сөмкенің аузы жабық болуын, ақшаңызды қауіпсіз орында сақтауды естен еш шығармағайсыз.

Деканатқа не ректоратқа шақырту. Кез келген студент (тіпті үздік болса да) сабақтан соң деканатқа не ректоратқа келуін ескертсе, бойы суып, ойына бірден жаман нәрсе келеді. Оны қорқытатын деканның алды не жаман хабар емес. Өзіне қатысты айтылар нашар пікірден қорқады. Ішкі қиналыс әңгіме басталған соң ғана басылады.

Емтиханнан құлау. Емтихан кезінде көшіргенімді біліп қоймасын деп қорқу былай тұрсын, қорытынды баға шыққанша ас батпайтын жайсыздық әр студентке таныс болар. Үздік студент "нашар баға алып қалмайын" деп абыржыса, орташа студент "шәкіртақым үзіліп қалмасын" деп қобалжиды, одан төмен студент "екі алып, жазғы семестрге қалып қоймасам болды" деп тілейді. Мұндай мазасыздықтың алдын алу үшін әр тақырыпқа дер кезінде дайындалсаңыз болды. Мәліметті жаттап алмай, миыңызға тоқып алсаңыз, емтихан кезінде ауызша сабақтарға шпаргалкасыз кіріп, ойыңызда барын жазып шығуға болады. Есесіне ешкімнен үрейленбей, «қалтасында жай тұрған шпаргалкаға бола дірілдеп отыратын» студенттердің қасында еркін отырасыз.

Ал сіздің бойыңызда қандай қорқыныш бар, студент?