- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Студент неден қорқады?...
Студент неден қорқады?
Осыған дейін сайтымызда фобияның бірнеше түрі жазылған болатын. Ал студенттер неден қорқуы мүмкін? Оны қалай жеңуге болады? Бүгін соны тізбектеп көрейік.
Конспект жоғалтудан қорқу. Жоғары оқу орнына аяқ баспаған адам студенттің бұл қорқынышын сезінбейді. Ал нағыз студенттер конспект қадірін жете түсінеді. Оның сөмкесіндегі ең құнды дүниелердің бірі – конспект пен сынақ кітапшасы. Емтихан кезінде әр түрлі көмек болуы мүмкін, бірақ ол кезде конспект дәптеріне жететін бағалы нәрсе болмайды. Сондықтан оны біреу сұрап алғанда немесе көзіңізден таса қалғанда аса мұқият болған жөн.
Ұйықтап қалу. Бір студент қатал дәріскердің сабағына кешігіп, ұйықтап қалудан қорықса, енді бірі маңызды сабақ үстінде ұйықтап қалудан қорқады. Ұйқы аса тәтті әрі мезгілсіз келетіндіктен бұл қорқынышты жай кез келгеннің басында болуы мүмкін. «Таңертең ояндым. Ұйқым қанбаған. Ұйықтайын ба, әлде сабаққа барайын ба? Сабаққа барып ұйықтайын». Әр күнін осындай монологпен бастайтын студенттер де бар. Ұйқыңыз қанық, ойыңыз сергек болмаса, кешігу де көбейіп, үлгерім де нашарлайтын болады.
Емтиханға кешігу. Емтиханға 15 минут кешігіп келдіңіз екен, бітті. Кезекші мұғалімді көндіре алмасаңыз, уақытында тапсыра алмайсыз. Емтихан аудиториясында бейнебақылау тұратын болса, іс насырға шапты дей беріңіз. Жазғы семестрге қалып, қайта тапсырасыз. Мәселені ауырып қалған жөнінде анықтама әкеліп шешуге болады, ол үшін сол күннен қалмай ауруханаға барып, дәл сол күнге анықтама жазғызып үлгеруіңіз қажет. Мұндай сарсаңға салынбас үшін емтихан алдында ұйқыңызды жақсылап қандырып, үйдегі барлық оятқышты іске қосып қойыңыз. Қоңырау шалып оятуды достарыңызға тапсырып қойсаңыз да артық емес.
Телефон жоғалту. Ең көп ұрланатын нәрсе студенттердің телефоны екені жасырын емес. Бір шәкіртақымен өмір сүретін студент үшін телефоны не басқа да гаджетінің жоғалуы әлемдік мәселемен пара-пар. Сабаққа қажетті ақпараттарды, ауа райын, кез келген мәліметті интернеттен алатын студент гаджетін жоғалтса, қолы кесіліп қалғандай болады. Орнына жаңасын алу үшін қалтасына салмақ түсумен қатар, контактіде кеткен нөмірлерді қалпына келтіре алмай тығырыққа тіреледі. Сондықтан гаджеттеріңіздің орнында екенін қайта-қайта тексеріп, көшеде бірлігі болмай, хабарласуға телефоныңызды сұраған кісінің келбетіне дұрыстап зер салыңыз, сенуге болатын адам болса ғана рұқсат беріңіз.
@. @assel_assanova