- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Студент болу –...
Студент болу – бұл...
Міне, арманыңыз орындалып, мектептегі «сеннен» арылып, мәртебелі «сіз» атағына ие болдыңыз. Себебі, сіз – есейдіңіз. Сіз – студентсіз.
Енді сізді қоршаған орта да, өзіңіз де өзіңізге өзгеше көзқараспен қарай бастайсыз. Сіз үлкен өмірге алғашқы қадамыңызды бастыңыз, алғашқы жетістікке қол жеткіздіңіз: мамандық таңдадыңыз.
Сіздің өміріңізде оң өзгеріс орын алды,жаңа өмір басталды: бұл – студенттік өмір.
Студент – университетке түскен адам ғана емес, оқу орнына иелік ететін үй қожайыны. Өйткені, университет атты екінші үйіңізде болып жатқан бар оқиға сізбен тікелей байланысты: оқу, сауық кеші, өзге де шаралар. Егер «Студенттік өмір қызық емес» деген улы ой сарп ете қалса, оған өзіңіз кінәлі екеніңізді ұмытпаңыз.
Массагет ұжымы барша студенттерді төл мерекесімен құттықтай отырып, студент болудың артықшылықтарын көрсетеді:
(1) Пайдалы әрі көңілді:
Басқаларға қарағанда, студенттерге оқумен бірге саяхаттау мүмкіндігі мол. Мысалы:
– Өзге елге шығар сәтте мақсатыңызға «Оқу» деген нұсқаны белгілесеңіз, сіздің шекарадан өту рұқсатын алу мүмкіндігіңіз жоғары болмақ.
– Алмасу (Exchange) бағдарламасы арқылы өзіңіздің университетіңізге келген шетел студенттерімен достасуыңызға болады.
– Бос уақытыңызға кез келген оқу курстары мен спорттық секцияларға бара аласыз. Сізді ешкім шектемейді әрі жұмыс деген ой мазаңызды алмайды.
(2) «Дүйсенбі – демалыс»:
Ешқашан сабақтан қалмаған студентті кездестіру қиын. Мектептегідей емес, университет қабырғасында анда-санда сабақтан қалып тұруға болады. Әрине, жиі емес, бірақ, бір рет қалғаныңыз үшін сізді ешкім сөкпейді. Бұрышқа тұрғызып, «сабақтан неге қалдыңыз» деп мазаңызды ешкім алмайды. Өйткені, сіз өзіңіз үшін оқисыз.
(3) Жеңілдіктер, жеңілдіктер тағы да жеңілдіктер:
Студенттерге әркез ұсынылатын баға өз бағасына қарағанда арзан болатынын білетін шығарсыз. Тіпті, кинотеатрларда студенттерге арналған жеңілдіктер бар. Арнайы студент картасы арқылы кейбір оқу курстарында білім алуға да болады. Тіпті, спорт залдары да қымбат емес.
(4) Студенттік шақ – еркіндік:Сіз немен айналысамын десеңіз де өз еркіңіз. Кітап клубына мүше бола аласыз немесе компьютер клубына бара аласыз. Бос уақытыңыздың барлығын өзіңіздің сүйікті ісіңізге арнайтын сәт туады. Бірақ, болашағыңыздың басты іргетасы осы студенттік шағыңызбен байланысты екенін ұмытпаңыз. Бұл жастық шақ тек көңіл көтеріп, қыдыруға ғана емес, берілген мүмкіндіктерді шап беріп ұстап алуға беріледі. Қолыңыздан келетін, сіз бағындыра алатын сәт туып тұрғанда қапы қалмаңыз.
(5) Аз да болса, менікі:
Мемлекеттік грант иегерлері шәкіртақы алатыны анық. Бұл шәкірақының аздығы соншалықты, кейде «микроскоптың» көмегіне сүйенеміз. Бірақ, мұның өзі үлкен көмек. Ең аз дегенде, үстіңізге таза киім алып немесе түскі ас ішуге жетеді. Сонымен қатар, ата-анаға баласының шәкіртақы алатыны – үлкен мақтаныш.
(6) Студент болу – өз бетінше өмір сүру:
«Егер ата-анаңызбен бірге тұрып, өзіңіз туған қалада білім алсаңыз сіз нағыз студент емессіз» деген пікір қалыптасқан. Сіз мұнымен қаншалықты келісесіз? Шынымен, өзге қалада білім алып жатқан студент өз қатарластарына қарағанда ерте есейеді. Өз мәселесін өзі шешетін, қиын шақта шешім қабылдай алатын толыққанды тұлғаға айналады. Тіпті, пәтер мәселесі бойынша ата-анасын мазаламайтын болады. Ол ақша жоқ сәтте туатын қиындықтар, алдану, уақытша «аштық» секілді мәселелермен бірнеше рет кездесіп, соңында қиындыққа сына қоймайтын адам болып қалыптасады.
(7) Өз бағытыңды таңдайтын сәт:
Мамандықтан бөлек, өзінің нақты бағытын таңдайтын сәт туады. Яғни, мемлекеттік қызметкер боласыз ба әлде бизнеспен айналысасыз ба? Тіпті, ғылымның жолын қуамын деушілер де бар. Сіз не шештіңіз?
(8) Студент болу – мүмкіндік:
Иә, бұл – сізге бір рет бер берілетін мүмкіндік. Әрине, сіз бұдан кейін де оқуды жалғастырып, тағы да студент бола аласыз. Бірақ, алғашқы студенттік өмір қайталанбайды.
Студенттік шақта сіз өмірлік достарыңызды табасыз, жарыңызды кездестіресіз. Келешек өміріңіз осы уақытта жасайтын таңдауларыңызбен тікелей байланысты. Сіз – студентсіз! Сіз – мыңдаған мүмкіндіктер лотереясының жеңімпазысыз! Оны қалай жұмсасаңыз да, студенттік уақыт сіздің құзырыңызда.
Сәттілік тілейміз, студент!
Т. Есқали