Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетіндегі Жалпы тіл білімі және Шетел Филологиясы кафедрасының меңгерушісі Мадиева Гүлмира Баянжанқызы ҚазҰУ студенттерінің шетелде білім алу мүмкіндіктері туралы Массагет тілшісіне сұқбат берді.
- Алдымен ұлтымыздың қарашаңырағы Ұлттық Университеттің 80 жылдық мерейтойы құтты болсын.
- Рақмет! Бірге болсын!
- Аталған мерейтой университет деңгейінде қаншалықты аталып өтуде? ҚазҰУ-дың 80 жылдығы аясында қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?
- Біріншіден, бұл күннің ерекше мәні бар. Шетелдің көне университеттерімен салыстырғанда, әрине, біздің университет өте жас. Бірақ Қазақстанда құрылған ең алғашқы ЖОО-лардың бірі болғандықтан, елдің тұтқасын ұстайтын білікті мамандарды дайындауда өте маңызды рөл атқарып келеді. Сонымен қатар, ҚазҰУ материалдық базасы мол еліміздегі ең басты ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі болып табылады. Ал ауқымды мерейтойға дайындық екі жыл бұрын басталған. Өткен жылдан бастап белсенді түрде көптеген іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. Айта кетсек, өткен қыркүйек айынан бері қарай факультет және университет деңгейінде өткізіліп жатқан дөңгелек үстелдер, семинарлар, ғылыми конференциялар, көрмелер мен жәрмеңкелер университетіміздің 80 жылдығына бағышталуда. Мамырдың 21-і мен 31-і аралығында мерейтойлық онкүндік болып өтті. Ол кезде қала деңгейіндегі, тіпті республика деңгейіндегі маңызды іс-шаралар өткізілді. Айта кетсек, Азиядағы университеттер ректорларының III форумы, Болондық үдеріс бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция, ҚазҰУ жазғы семестрінің ашылуы, қалалық веложарыс, БАҚ өкілдері мен тілшілерін марапаттау кеші, Almaty Book Expo халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі мерейтой аясында өткізкілді. Дегенмен, бұл соңы емес. 80 жылдығымыз 2014 жылдың соңына дейін жалғасады.
- Бүгінгі сұқбатымызда академиялық ұтқырлық туралы сөз қозғамақпыз. Қазіргі кезде ҚазҰУ студенттерінің шетелде оқып, тәжірибе алмасудағы белсенділігі қандай?
- Біздің кафедрамыздың құрамында шетел филологиясы, лингвистика және екі шет тілі мамандықтары болғандықтан, біздің студенттер, магистранттар және докторанттар академиялық ұтқырлықта өте белсенділік танытып келеді. Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасы шет тілінде білім беру саласында мамандар дайындап жатқандықтан, жылда студенттерімізді шетелге жіберу дәстүрге айналған. Жалпы аталған мамандықтар бойынша 2005 жылы докторантура ашылғаннан бастап, шетелде жоғары білімді арттыру белсенді түрде қолға алына бастады.
- Академиялық ұтқырлық саласында Филология факультетінің студенттеріне ҚазҰУ тарапынан немесе Білім және Ғылым Министрлігі тарапынан қандай қолдаулар білдірілуде?
- Заман талабы шетелде білім арттыруды қажет еткендіктен, ол мемлекеттің арнайы тапсырмасына айналды. БжҒМ-нің бірқатар бағдарламаларының арқасында студенттер шетелде ақысыз білім алуға қол жеткізіп жатыр. Толықтыра кетсек, «Болашақ» бағдарламасы бакалавр түлектерін шетелдегі беделді университеттерге жіберіп жатыр. Сондай-ақ, министрліктің арнайы жобасы бойынша студенттер, магистранттар және докторанттар да екі апта, бір семестр немесе бір жыл көлемінде шетелде ғылыми тәжірибе алмасып келуде.
- Ал студенттерге қойылатын талаптар қандай?
- Әрине, олар үздік студенттердің бірі болуға тиіс. Транскрипттегі бағалары 3,60-тан жоғары болуы, халықаралық IELTS (6 балл) немесе TOEFL (90 балл) нәтижесі бар болуы міндетті. Оған қоса, студент қоғамдық жұмыстарда өте белсенді, ең бастысы отансүйгіштік және құзіретті бағыттағы студент болуға тиіс. Бірінші курстың бірінші семестрінен кейін аталған бағдарламалармен шетелге оқуға шыға алады.
- Көбіне қандай шетелдік білім беру бағдарламаларымен сіздердің студенттеріңіз білім алып қайтуда?
- Ең негізгісі "Эрасмус Мундус" бағдарламасы. Ол қазір "Эрасмус +" деп аталады. Оның ішінде "Target-1" және "Target-2" бағдарламаларына біздің студенттеріміз өтініш тастап, Еуроодақтың гранттарын жеңіп алуда. Эрасмустың бағдарламалары аясында факультетіміздің студенттері, магистранттары мен докторанттары Словакия, Испания және Австрия елдерінің ЖОО-ларында жоғары білімін жетілдіріп қайтуда.
Көбіне қай шетелдік университеттермен тығыз қарым-қатынастасыздар?
- Испания және Словакия елдерінің ЖОО-ларымен жақсы байланыстамыз. Олармен біз жиі жаңа технологиялар негізінде виртуалды конференцияларды да өткізіп тұрамыз. Нидерландыдағы Утрехт Университеті, Австрияның Вена қаласындағы Экономика және Бизнес Университеті, Ресейдің танымал университеттерімен тығыз қарым-қатынастамыз.
- Арнайы бағдарламалармен шетел асып, білім алып қайтып жатқан студенттерге ол жақта жасалған қолайлылық пен қауіпсіздік туралы айтып өтсеңіз.
- Жыл сайын біздің студенттер мен магистранттарымыз шетелге шығып жатқандықтан олардың қауіпсіздік шаралары да міндетті түрде қаралады. Біздің студенттерімізді қабылдап жатқан серіктестеріміз оларды толық керек жабдықтармен қамтамасыз етеді. Одан бөлек студенттердің шетелге кетпес бұрын олардың шетелдегі қауіпсіздік шараларына қатысты сұқбаттар құрамыз. Содан олар шетелге кеткеннен кейін де ақпарат алмасып тұрамыз.
- QS рейтингі бойынша өткен жылдың қорытынды сараптамасына орай ҚазҰУ әлемнің үздік 300 ЖОО қатарына енген болатын. Саралау барысында университет сыртқы байланысының алар үлесі мол. Нақты осы бағытта факультеттің алдағы жоспарлары туралы не айтасыз?
- Бұл, әрине, факультет үшін де, жалпы университет үшін де өте үлкен жетістік. Жуырда бітірушілердің форумында да Білім және Ғылым Министрінің: «ҚазҰУ Қазақстандағы көшбасшы университет болғандықтан оған қойылатын талаптар мен жүктеулер де сәйкесінше болады», – деп айтқан сөзі де осыған дәйек болады. Басты мақсат үздік 100, үздік 50 университеттің қатарынан табылу. Ол үшін әрбір ұстаз, әрбір ғалым нақты білім беру сапасы мен ғылыми потенциалын арттыру мақсатында еңбек етуі тиіс. Бұл әрбір студент үшін де маңызды.
Сұқбаттасқан: Жолдас Өрісбаев
Сурет: Гүлмира Баянжанқызының жеке мұрағатынан