Сексен сұлуды суретке тартқан студент

Сексен сұлуды суретке тартқан студент

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде "Сұңқар" студенттер кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің қолдауымен баспа ісі және дизайн кафедрасының 4 курс студенті, "Фотоөнер" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Досжан Балабекұлының ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойына орай "Қыр гүліндей жайнаған ҚазҰУ қызғалдақтары" атты фотожинағының тұсаукесері өтті.

Кадрға іліккен сексен сұлу университеттің ең білімді, ең ақылды әрі парасатты да ибалы қыздары және олар - алғашқы фотожинаққа жарияланып отырған имидждік келбет. Бұл - Досжанның фотоөнер саласындағы алғашқы еңбегі. Жас журналистің фотография саласына деген сүйіспеншілігі мен университетіне деген өзіндік үлесі сезілетін фотожинақ авторлық бояуы мен бабын көрсетеді. Сайып кел­генде, бұл - университет көлемінде алғашқылардың бірі болып бакалавриат студенті шығарып отырған фотожинақ.

Журналистика факультетінің студенттік баспасөз орталығында өткен тұсаукесерге "Фотоөнер" қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайым, журналистика факультеті деканының ғылыми-инновациялық жөніндегі орынбасары Қарлыға Мысаева, М.Барманқұлов атындағы телерадиокешеннің директоры Молдахан Абдраев, баспа ісі және дизайн кафедрасы меңгерушісінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бақыт Әсембаева, "Сұңқар" студенттер кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айдана Сыдықовалар қатысты.

Тұсаукесерде алғы сөз алған журналистика факультеті деканының орынбасары Қарлыға Мысаева: "Кез келген ұстаз өзінің шәкіртімен мақтанады. Сондықтан да ең алдымен Досжанды факультет ұжымы атынан осындай үлкен табысымен құттықтаймыз. Фотография - қазақ журналистикасында өз орнын толығымен таба алмай келе жатқан саланың бірі. Сондықтан да бұл еңбек - осы саланы студенттер арасында жоғары қарай дамытуға жол салған ерекше туынды деп қабылдауға болады. Екіншіден, бұл еңбекке қуанған тағы бір сәтті айтқым келеді. Университетке келген шет елдік профессорлар студенттеріңіз қандай сұлу деп таң қалып жатады. Міне, соның тағы бір көрінісі. Демек, бұл кітап сол бағаны кітапқа басып отырған табандылық пен үлкен еңбектің көрінісі. ҚазҰУ қызғалдақтары көбейе берсін, қазақ қыздарының сұлулығы көрініс тапқан еңбектер көбейе түссін!", - деп өз пікірі мен тілегін жеткізді.

Ал «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым: "Фотография саласымен кез келген адам айналысады. Өйткені бұл сала қызықты және адамдардың өз қызығушылықтарымен дамып келе жатқан сала. Және осы саланың да өзіне тән жүйесі бар. Бүгін Досжан Балабекұлының портрет жанрына еңбек шығарғаны және алғашқы қадам бастағаны алда осы салада үлкен жетістіктерге жетеді деген алғашқы белгілерді байқатады. Портрет жанрын түсіру өте қиын сала. Ол адамның ішкі жан дүниесін көрсету керек. Ол үшін түсіретін адамда әдемілікті, сұлулықты байқайтын сезімталдық болуы керек. Кітапта берілген арулардың барлығы сондай талаппен таңдалып, сұлулықтарымен қоса, ақылды, білімді қыздар болғанымен таңдалып алынғандығы көрініс тапқан. Сол үшін мен алда сәттілік тілеймін, үлкен-үлкен еңбектері жариялана берсін!", - деп өз әсерімен және ұстаздық ақ тілегін білдірді.

"Қыр гүліндей жайнаған ҚазҰУ қызғалдақтары" атты фотожинағының авторы Досжан Балабекұлы: "Фотография саласына біртабан жақын келуіме анам  Жеңіскүлдің әсер бергенін жасыра алмаймын. Балалық шақтың өзінде жазу-сызумен қатар, бос уақы­тымда табиғат көріністерін түсіріп, фото­аппаратымды алып серуенге шығуды жа­ным сүйетін. Әуесқойлықтан туындаған сәл ғана өнердің ұшқыны шын мәнісінде – фотография әлемінің тылсым сырына бастап келе жатқандығын өзім де соңғы уақыттардан байқағаным рас. Қолдарыңызға ұстап отырған менің алғашқы шағын фотожинағым өзім білім алып жатқан қасиетті қарашаңы­рақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойы­на арналып отыр. Жобаға алғаш ой тастаған "Қазақ университеті" газетінің бұрынғы фотосуретшісі Мамыржан Ботабеков ағамызды айтқым келеді. Бұл – төрт жыл бойы білім беріп келе жатқан ыстық ұяма түлеп ұшқалы отырған түлегіңнен бір сый болсын деген ақ ниеттен туындаған еңбек", - деді.  

Автордың ұстазы, баспа ісі және дизайн кафедрасының аға оқытушысы Бақыт Әсембаева: "Досжанды мектеп кезінен жақсы танимыз. Мектеп кезінен өзінің жеке журналы, газеті болды. Газеттерде жарияланған мақалаларының өзіне сан жетпейтін. Біз ұйымдастырған "Болашақ баспагер-редактор" байқауының жеңімпазы атанды. Біздің кафедраның ең белсенді студенті. Студент бола жүріп, бірінші курста жүріп "Баспагер" газетінің редакторы, 2-3 курста "Шуақ" жастар журналының бас редакторы сынды оқу-тәжірибелік басылымдарға басшылық жасай білді. Бүгін Досжан жеке өзінің алғашқы кітабын шығарып отырғанына кафедра ұжымы атынан шын ықылас-ниетімізді білдіреміз!",-деп ұстаздық пікірін ортаға жеткізді.

Сурет - үлкен өнер. Ол өнерді тану үшін үлкен қабілет керек, дарын керек. Бүгін университет шәкірті өз еңбегін ұстаздарына, достарына, жалпы университетіне көрсетіп отыр. Соның өзі үлкен мәртебе, қуаныш, шаттық. Сондай-ақ, университеттік "Қазақ университеті" газеті редакторының міндетін атқарушы Әйгерім Әлімбекова ұжым атынан ақ тілегін жеткізіп, сый-сыяпаттарын табыс етті. Сондай-ақ, тұсаукесер рәсіміне келген студенттер авторға тілектерін білдіріп, ойларымен бөлісіп, сұрақтар қойды.

Фотожинақта автор баспа жұмысы ретінде саналатын  фототілшінің, редактордың, техникалық редактордың, беттеуші дизайнердің қызметін бірге атқарды. Кітап "Сұңқар" студенттер кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен Алматыдағы "Асыл кітап" баспаханасында басылды. Автор Фотожинақтың жарыққа шығуына демеушілік жасаған университеттік "Сұңқар" студенттер кәсіподағы" қоғамдық бірлестігіне өнер мен сұлулыққа және имидждік іске қамқор азаматтықтары үшін алғыс ерекше алғыс білдіреді.  Досжан Балабекұлының бұл фотожинағы көңілдеріңізден шықса, бұл бастаманың өз мұратына жеткені.

Қарлығаш Мергенбаева,

баспа ісі және дизайн кафедрасының аға оқытушысы

Сурет: ©ҚазҰУ баспасөз қызметі

Р. Роза