Адамның ең бақытты әне ең қызықты шағы – студенттік шақ. Қараша айының 17-сі студенттер қауымының төл мерекесі. Бұл мерекеге орай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Филология және әлем тілдері факультетінде қара шаңырақтан түлеп ұшқан студент жастармен әдеби-сазды кездесу кеші өтті. Кештің бір ерекшелігі келген қонақтар – бүгінгінің жас ақындары.
Кеш барысында алғашқы болып сөз алған осы кештің ұйымдастырушысы, факультет ұстазы, филология ғылымдарының доценті Ғазиза Иманалиева барша студенттер қауымын мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін білдірді.
Кештің көркін қыздырушы ақын Қайсар Қауымбек, Әріби Әрібек, Шерхан Талап, Бауыржан Мырзақұл, Безат Смадияр, Айол Исламғали, Нұртас Тұрғанбек, гитара аспабының шебері, табылдытанушы, композитор Тәуірбек Бозекен, Батырхан Сәрсенхан, Абылайхан Жұмаш сынды жастар болды. Қонақтары ақындар екенін естіп, жиналған көпшілік оларға өз көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.
Жырға сусаған жұрт өлең тыңдады. Ақындар көсіле өлең оқып, көрермендердің көңіл пернесін дөп баса білді. Кеш соңына таман ақын, айтыскер Манас Қайыртайұлы сол жерде суырып салып, қатарлас достарына домбырамен бір ауыз әзіл жырын арнады. Филология және әлем тілдері факультетінің 3 курс студенттері Әсем, Әсел Әндіровалар күйден шашу шашып, көрермен ықыласына бөленді.
Көңілді әрі қызықты кездесудің соңы естелік суретке түсуге ұласты.