Пандемия: Балиде студенттер оқу ақысын кокос жаңғағымен төлей алады

Пандемия: Балиде студенттер оқу ақысын кокос жаңғағымен төлей алады

Балидегі Тегалаланг университетіне қарасты колледж студенттері оқу ақысын кокос жаңғағымен төлей алатын болды. Мұндай ұсыныс Venus One туризм академиясынан түскен. Студенттер пандемияға байланысты қаржылық қиындықтарға тап болса да, оқуын жалғастыра алатын болды.

"Алғашында біз оқу ақысын бөліп төлеу жүйесін енгіздік, бірақ пандемия әлі аяқталмағандықтан оны әлдеқайда ыңғайлы етіп өзгерту керек болды. Біз оқуда студенттерді таза кокос майы өндірісіне үйретеміз, сол себепті ақыны кокос жаңғағымен төлеу олардың тәжірибе алуына да септігін тигізеді. Олар өндіріс үдерісінің қалай жүретінін өз көзімен көріп, оған ат салысу мүмкіндігіне ие болады", - деді академия өкілі Ади Путра. 

Бастама наурыз айында қолға алынған. Кокос жаңғағынан басқа, моринга мен готу кола жапырақтары төлем ретінде қабылданады, олардан сабын дайындалады. 

Моринга

Готу Кола

"Біз студенттерге қоршаған ортадағы табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға үйретуіміз керек. Сондықтан пандемия аяқталғанда, олар тек теориялық білім алған түлек ғана емес, нағыз тәжірибесі мол маман болып шығады", - дейді Ади Путра.

Т. Раушанұлы