Балабақша, мектеп, университет – бұлар өмір мектебіне дейінгі сізді тәрбиелеуші ордалар. Әр орданың өзіне тән ережелері мен заңдылықтары бар. Әрі деңгейлері де болады. Мәселен мектеп қабырғасында жыл сайын сынып ауыстырып, бір сатыға көтеріле бересіз. Ал университетте үш түрлі деңгейді басыңыздан өткересіз. Оның алғашқысы міндетті. Яғни бакалавр деңгейі. Ал магистратура мен докторантураны оқу өз еркіңізде. Дегенмен белгілі бір жетістікке жету үшін, ғылымда жаңалық ашу үшін аталған екі деңгейді оқу міндетті болып табылады.
Бакалавр мектепте алған білімді жалғастырушы жол. Төрт жылдық немесе бес жылдық болып кездесетін білімнің бұл түрі сізді жартылай толыққанды емес жоғары санаттағы азамат ретінде қалыптастырады. Жоғары білімді санаттағы адам болу үшін магистратура оқуға тура келеді. Сонымен магистратураны не үшін оқып жүрсіз?
Магистратураны қазір таңда жастардың көпшілігі шәкіртақысы мен бір жапырақ дипломы үшін оқиды. Бұл – санаға сіңіп кеткен қате түсінік. Бірақ жаппай еніп кеткен идеологияға қарсы келу мүмкін бе?! Магистратура сіздің деңгейіңізді көтеріп қана қоймайды, үлкен ғылым саласына жол ашу үшін мүмкіндіктер жасап береді. Шетел асып білім алып, тәжірибе алмасып, өз салаңыздың білікті азаматы болуыңызға септігін тигізеді. Бірақ біз бұл түсініктерді жіті қадағалаудан гөрі, ай сайын берілетін шәкіртақысынан қағылып қалмас үшін «бардым-келдім» дейтін бағытпен жүреміз. Екі жыл бойына алған білімнің өзі тұрмақ қалдығы да болмаса, бұл деңгейді оқып, өзгенің нан тартып алу жегеннен қандай пайда? Ғылыммен айналысып, ғалым болғысы келетіндерге жол беріңіз.
Біле жүріңіз!
Магистратураның шәкіртақысы сізді ұзаса екі жыл асырауы мүмкін. Ал екі жыл бойы ерінбей, тірнектеп жиған біліміңіз сізді өмір бойына асырауы ғажап емес!
Магистратураның қашып жүріп алған қып-қызыл дипломы бір-ақ күнде ештеңеге жарамай қалуы бек мүмкін. Ал ілімді санаға іле жүріп алған дипломның беретін жемісі молынан.
Магистратураға тапсыратын кезде мамандықтан қателеспеңіз. Себебі оқыңыз келмейтін мамандыққа түссеңіз, екі жылыңыз далаға кетеді. Әрбір сабағы, профессоры қызықты, сізге керек деген мамандыққа барыңыз. Білім сізге керек, еңбегіңіз елге керек. Ал өзіңіз сүймейтін мамандықты бітіріп, сіз ешқандай жетістікке жете алмайсыз.
Магистратура – шәкіртақы мен диплом үшін оқитын жер емес. Білім мен ғылым үшін тер төгетін мекен. Адасып қалмаңыз!