- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Қыздар университетінің ең...
Қыздар университетінің ең үздік аруы анықталды
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде дәстүрлі «Университет Аруы – 2015» арулар байқауы өтті.
Сырлы да, сынды байқаудың шымылдығын Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректор З. Сабырова ашты. Зәуреш Қуандыққызы өз сөзінде: «Қазақ қызы қашанда адалдық пен пәктіктің, батылдық пен әсемдіктің, ақыл-парасат пен имандылықтың үлгісі болып келеді. Бүгінгі біздің студенттерге «Қыздар университетінің қыздары-ай» деп таңдана да, тамсана қарайтындар жетерлік. Сіздер сыртқы келбеттеріңіз бен ішкі сұлу болмыстарыңызды ұштастырып, алған білім-біліктіліктеріңіз арқылы даңқты аналарымыздың жолын жалғастырушылар болып келесіздер. Бүгінгі ұйымдастырып отырған шара сол ізгілік пен тектілік сара жолына түсуге мүмкіндік береді», – деді.
«Университет аруы – 2015» байқауы «Таныстыру», «Өнерлінің өрісі кең», «Қазақтың ұмытылып кеткен ұлттық тағамдары және сұрақ – жауап», «Мен ҚызПУ-дың қыздарына қайран қалам» сынды төрт бөлімге сәйкестендірілген болатын. Үміткерлер әуелі халыққа өзін-өзі таныстырып өтті. Келесі бөлімде университет арулары өз өнерлерін барынша ортаға салды.
Арулар мың бұрала би билеп, әуелетіп ән айтып, ақын шығармаларынан көрініс қойды. Әсіресе, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің студенті Әлия Ауытова көгершіндерді сахнаға алып шығып билегенде қызықпаған адам қалмады. Қыз бен көгершіннің тамаша үйлесімділігін үндестіре алды. Сондай-ақ, испан халқының биі де кез келгенді бей-жай қалдыра алмады. Басқа қойылымдар да тартымды шықты. Байқау барысында соғыс кезінен көрініс көрсетіп, қазақ қызының махаббатқа беріктігін дәлелдегендер де табылды.
Қатысушылар үшінші бөлімде қазіргі таңда ас мәзірінде күнделікті қолданыла бермейтін қазақтың ұлттық тағам үлгісін жасап, оның жасалу жолын айтып өтті. Сонымен қатар, байқауға қатысушы арулардың зияткерлік деңгейін сынау мақсатында университет тарихына қатысты және халқымыздың дара тұлғаға айналған әйелдері бейнесіне байланысты сұрақтарға жауап берді. Байқаудың төртінші сатысында қыздар өздері тіккен студенттік киім үлгісін көпшілікке ұсынды.
Осындай бірінен бірі асып түсетін білімділер мен өнерлілер сайысын бағалау үшін құрылған қазылар алқасында «Ақжүніс – Астана» журналының бас редакторы, журналист Сәуле Әбединова, әнші, «Қазақ Аруы» байқауының финалисті Айгерім Қалмұратова, Қазақ эстрадасының әншісі Бейбіт Кушкалиев, университет қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы Райхан Бегайдаровалар болды.
Түрлі деңгейлерден өтіп, осы шешуші байқауға жолдама алғандардың арасындағы «Бизнес Леди» номинациясы бойынша физика және математика факультеті 2-курс студенті Талшын Қалық марапатталды. III орынға өнер және мәдениет факультетінің 2-курс студенті Жанайым Қаратай табан тіреді. Жүлделі II орынды жаратылыстану факультетінің 2-курс студенті иеленді.
I орын әлеуметтік-гуманитарлық факультеті 3-курс студенті Әлия Ауытоваға бұйырды. Бас жүлдені өнер және мәдениет факультетінің 2-курс студенті Айжан Анарбек қанжығасына байлап, «Университет аруы – 2015» байқауының тәжін киді. Осылайша Қыздар университеті арулары арасында өткен жыл сайынғы дәстүрлі арулар байқауы да өз мәресіне жетті.
Ф. Абилова