2014 жылы өткен пікірталас сайысында жеңіске жеткен Гарвард университетінің студенттер командасы жақын арада Нью-Йорк қаласында пікірсайыстан жеңіліс тапты. Әлемге аты шыққан атақты Гарвард студенттеріне қарсылас болған кімдер?!
Нью-Йорк қаласының түрме қылмыскерлері Гарвард студенттеріне пікірталас сайысын өткізу жөнінде өздері ұсыныс жасаған. Пікірталасты демалыс күндердің біріне белгілеп, екі жақтан команда жасақталған. Ең қызығы, бірінші команда – атақты Гарвард студенттері болса, екінші команда – ауыр жазалаумен абақтыға қамалған қылмыскерлер.
Дебат – әлем бойынша рейтінгісі жоғары ойын түрі екені бәрімізге белгілі. Жеребе бойынша бір команда сөз бастап, өздері ұстанған позицияны қорғап шығуы шарт. Екі команда екі көзқарасты қалыптастыра отырып, бір шешімге келеді. Өз позициясын нақты дәлелдермен, айқын көріністермен, анық мысалдармен қорғай білген команда жеңіске жетеді. Ең әуелі, тезистері, кейін қарсы жаққа өз тарапыңнан ой салатындай байламдар, содан соң сұрақтарға жауап болуы керек. Осы орайда, әдіс-тәсілді қолдану, логиканы іске қосу, техниканы тиімді пайдалану сынды дүниелер бағаланады.
Кісі өлімі бойынша айыпталған Алек Холл өз сұхбатында былай деді: "Егер біз осы пікірталаста жеңіске жететін болсақ, түрме ішіндегі жағдайға басқаша көзқарас қалыптастырамыз. Біз, студенттер секілді табиғатымыздан дарынды немесе риторикалық сұрақтар арқылы дағдыланған шынайы таланттар емеспіз. Дегенмен, өз-өзімізбен жұмыс жасай алатын қарапайым адамдармыз".
Дебаттың соңында әділ қазы алқалары жеңісті қылмыскерлер жағында деп тапты. Сонымен қатар, қылмыскерлерге сырттай түрде Нью-Йорк қаласының Барда колледжінде білім алуына мүмкіндік туды.
Адам баласы қандай жағдай болмасын, өзімен-өзі жұмыс жасап, өз-өзін дамыта алатын болса, кез-келген кедергілерге тап болмай, жеңіске жетуіне болады.