Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Филология, әдебиеттану және әлем тілдері» факультеті «Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы» кафедрасы 2014 жылдың 3 сәуірінде қара шаңырақта жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Үздік лингвист – 2014» республикалық зияткерлік байқауын өткізді. Аталған шара ҚазҰУ-дың 80 жылдығына да арналады.
Осы күнге дейін факультетте тіл мамандары үшін ғана өткізіліп келген шара, биылғы жылы Республика деңгейінде өтті. Бұл жаңалық аталған іс-шараның маңыздылығын арттыра түсті. Сондай-ақ мұндай серпін өз кезегінде университеттің беделін республикалық деңгейде тағы да бір дәлелдей түсті. Жастардың білімін сынға алған сайыстың мақсаты да университет міндеттерімен үндес.
Қара шаңырақ келген құрметті қонақтарына өзінің қонақжайлылығын көрсетті.
«Үздік лингвист – 2014» республикалық сайысына еліміздің ең үздік университеттері қатысты.
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен: Ділдәбекова Фариза, Бақытқызы Мөлдір, Алибаев Сұңғат;
Сүлеймен Демирел университетінен: Серікова Таңшолпан, Қуанышбай Ай-Керім, Ақан Әйгерім;
Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті: Бекшалова Асылайым, Әбубәкір Меруерт, Шлібай Мөлдір;
Қаздар педагогикалық университеті: Абдуматова Жұлдызай, Әбішева Райхан, Жақсылық Меруерт; Қазақ Ұлттық университеті: Үкібаева Маржан, Төлегенова Меруерт, Өрісбаев Жолдас.
Қатысушыларды қолдауға жанкүйерлері де келген екен.
Жарыстың шымылдығы ҚазҰУ-дың мың бұралған өнерпаздарының биімен ашылды.
Жүйріктерді сынауға әділ қазы алқалары да келді.
Мұнымен қатар қазыларға 1-2 курс магистранттары Жаналиева Айгерім, Верещак Жанна және Жадыра көмектесті.
Сайысты кім бастайтындығы жеребе көмегімен анықталды.
Байқау жалпы 7 кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде әр топтың ұйымшылдығы байқалса, «Ширатуда» шығармашылық қабілеттері көрініс тапты.
Бұдан кейінгі 3-кезеңде топ мүшелері сайысқа жеке қатысып, тест сұрақтарына жауап берді.
«Бәйге» деп аталатын 4-кезеңде әр талапкерге 3 генеологиялық және 2 типологиялық классификациядан ауызша сұрақ қойылды.
5-кезең «Көкпарда» таңдау пәндері бойынша ұяшықтарға орналасқан сұрақтарға межеленген уақыт ішінде жауап берілді. «Полиглот» деп аталатын 6-кезеңді факультет доктаранттары жүргізді. Бұл сайыста әр қатысушы тек білімін емес, актерлік шеберліктерін де көрсетті.
«Жекпе-жек» деп аталатын соңғы айналымда 2 сайыскер 1 минут ішінде қойылатын сұрақтарға жылдам жауап берді.
31 арнаның журналисті Анна Данченко да үздік лингвиске қолдау көрсетіп отырды.
Әр айналым сайын сайыскерлер саны алған ұпайларына байланысты азайып отырды.
Әділ қазы алқалары бір ауыздан 2014 жылдың ең үздік лингвисін анықтады. Ол - қара шаңырақ ҚазҰУ-дың студенті Төлегенова Меруерт.
ҚазҰУ-дың Сұңқар кәсіподақ ұйымы "Үздік лингвист – 2014" байқауына демеушілік етіп, төрайымы Сыдықова Айдана екі адамға жолдама берген болатын. Мұнымен қатар өзге қатысушылар сертификаттар мен сыйлықтармен марапатталды. Марапатталушылардың қатарында өнерпаздар мен көрермендер де болды.
Студент жетекшілеріне сыйлықтар тапсырылды.
Марапаттау рәсімі аяқталған соң Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Алибаев Сұңғат кештен алған әсерімен бөлісті.
Кеш соңында қонақтар суретке түсіп, ұйымдастырушылар жастарды жігерлендіретін әсем әнді көпшілікке тарту етті.
Үздіктің үздігін анықтаған кеш қонақтар мен ұйымдастырушылардың ойынан шықты. Лингвистер де өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Арнайы Massaget.kz үшін: Қарлыға Бүйенбай