ҚазҰУ – құт мекен

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзін негізге алсақ, ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды, жалпы адамзатты тәрбиелейді. Себебі, мейлі шахтер, ғалым, дәрігер, инженер, ғарышкер болсын барлығы да ұстаздан білім алады.

Сондықтан да, адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмтылмас сәттер болып мектеп пен университет қабырғасында өткізген уақыт қалатыны сөзсіз. Аталған үлкен кемеде оқушылар мен студенттер өмірінің маңызды сәттерін өткізеді. Алғашқыда мектепке келіп әрбір әріпті, әрбір санды жазып үйрену қиынға соққанымен, уақыт өте бәрі өзгеріп, жазуды да, оқуды білмеген кішкентай балалар бүгін міне, мектеп бітіру туралы аттестатты қолдарына ұстап, үлкен өмірге жолдама алуға дайындалуынан уақыттың сырғып өтіп жатқандығы көрінеді.

Осы орайда Ш.Смағұлов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математикалық орта мектеп-интернатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің қазақ тіл білімі кафедрасының ұстаздары мен студенттерінің ұйымдастыруымен «ҚазҰУ – құт мекен» атты мектеп пен университет арасындағы байланысты қалыптастыру мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Өткізілген жиында жасөспірімдер мен ұстаздар арасындағы өзара қарым-қатынас жасау мәселесі – психология ғылымындағы және тәлім-тәрбие ісіндегі әрі маңызды, әрі күрделі проблемалардың қатарына жататындығын ескере отырып, Ұлттық бірыңғай тестті тапсыру алдындағы жүректері қобалжып жүрген мектеп оқушыларына университет ұстаздары оқушылардың өз-өздеріне деген сенімділіктерін, таным көкжиегін кеңейту мақсатында ашық әңгіме алаңын жүргізді.

Шара барысында  «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген Ж.Ж.Руссоның сөзінде айтылғандай, қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі С.Ақымбек, аталған кафедраның ұстаз-ғалымы, профессор Б.Сағындықұлы, А.Салқынбай, Л.Әлімтаева, Б.Құлжанова, К.Күркебаев, Ж.Сәткенова, Ә.Әміров, Д.Шакирова сынды университет ұстаздары мен мектеп директоры Ә.Әбділдаев, орынбасары А.Шыныбаева, мектеп мұғалімдері Ұ.Исакова, Е.Жамансариева сынды мұғалімдер алтын уақыттарын қиып, дұрыс мамандық таңдау, мол білім қорын жинақтау, аянбай еңбектену, білмегенді үйрену, білгенді дамыту турасында риясыз әңгімелерімен бөлісіп, өз ойларын оқушылармен әңгімелесе отырып ортаға салды.

Мектеп директоры Ә.Әбділдаев өз сөзінде маңыздылығы жоғары іс-шараны ұйымдастырып отырған университет ұстаздары мен студенттерге ризашылығын білдіре отырып, өткізіліп жатқан шараның мектеп оқушыларына өз пайдасын тигізеді деген сенімділігін білдірді.

Қазақ тіл білімі кафедрасының ұлағатты ұстазы Берікбай Сағындықұлының «Әдебиет маманы – зеңбірек болса, тіл маманы – бомба» деген әзілмен берген жауабында тілдің адам өміріндегі маңызы мен рөлінің қаншалықты үлкен болатынын, жаратылыстану бағытытындағы пәндермен тіл білімі пәндерін қоса отырып, жаңа ғылым саласын тудырып дамыту жастардың қолында екеніне тоқталса, профессор А.Салқынбай  «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, «Сендерге мамандық таңдар алдындағы ақылымыз бен ұсынысымызды университет қабырғасында жүргендеріңде емес, бүгіннен берейік, себебі «Сіздер – еліміздің болшағысыздар» деп қорытындылады.

Кафедра меңгерушісі С.Ақымбек «Фараби Олимпиадасына» қатысты оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық екенін тағы бір дәлелдеді.

Қорыта айтқанда, университет оқытушылары оқушылардың үлкен сынақ алдындағы психологиялық күйлеріне бей-жай қарамай, қолдарынан келгенше көмектесуге тырысатындығын, үлкен үміт күтетіндігін тағы бір байқатты. Осы орайда, «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» деген В.А.Сухомлинский сөзі айтар ойымыздың нысанасына дөп тиіп отыр.

Жолдаған: Шакирова Динара Талғатқызы 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің оқытушысы 

Сурет: el.kz, автордан.