- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- ҚазҰУ-дың "Сұңқар" студенттер...
ҚазҰУ-дың "Сұңқар" студенттер кәсіподағына 15 жыл толды
Алматы қаласы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіндегі "Сұңқар" студенттер кәсіподағының ресми жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл толып отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің әлеуметтік және құқықтық мүдделерін, еңбек құқығын қорғауды мақсат ететін "Сұңқар" студенттер кәсіподағының атқарған жұмыстары өз нәтижесін беруде. Ұлттық Университеттің белсенді студенттік ұйыдарының бірі "Сұңқар" кәсіподағының қазіргі төрайымы Айдана Сыдықова өзі басшылық ететін студенттік ұйымның 15 жылдағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы massaget.kz сайтына сұқбат берді.
- Студенттер кәсіподағы осыдан 15 жыл бұрын қандай жоба аясында немесе қандай мақсатпен құрылған болатын?
- Жалпы студенттер кәсіподағы университет құрылғаннан бастап жұмыс істейді. Айта кетсек, біздің Ұлттық Университет 1934 жылы құрылған кезден бері кәсіподақ та өз жұмысын атқарып келеді. Ал 1999 жылы Дәурен Абаевтың бастамасымен қолға алынған студенттік кәсіподақ заңды ұйым ретінде тіркелгендігі үшін біз кәсіподаққа 15 жыл толды деп отырмыз. Сол жылдан бастап кәсіподаққа "Сұңқар" атауы беріліп, қоғамдық бірлестік ретінде өз жұмысын бастаған.
- Студенттер кәсіподағын заңды түрде тіркеуге себеп болған Дәурен Абаев қазір немен айналысады?
- Қазір Дәурен Абаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы. Жуырда осы 15 жылдықтың аясында ол кісімен кездесу ұйымдастыруды жоспарлап жатырмыз.
- Кәсіподаққа мүше болу үшін студентке қандай талаптар қойылады?
- Ұлттық Университетке мемлекеттік шәкіртақымен оқуға түскен әрбір студент "Сұңқар" студенттер кәсіподағының мүшесі. Себебі, грант иегері атанған студенттердің бір пайыз шәкіртақысы, яғни 150 теңге біздің негізгі қорға түсіп отырады. Жиналатын қаржы негізінен әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге қолдау ретінде бөлініп тұрады. Студенттен келген ақша студенттің қажетіне жұмсалады.
- Бүгінде университет деңгейінде қандай жобалармен айналысып келесіздер?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, университет деңгейінде біздің басты мақсатымыз әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге, нақтырақ айтар болсақ, көп балалы жанұяның перзенті, ата-анасының біреуі жоқ, ата-анасының екеуі де жоқ, мүмкіндігі шектеулі болған студенттерге ай сайын қаржылай көмек көрсетеміз. Мысалы, ата-анасының екеуі де жоқ, бірақ қамқоршысы бар студенттерге айына 15 мың теңгеден бөлініп отырады. Ал қамқоршысы да жоқ студентерге айына 30 мың теңге көлемінде ақша бөліп, көмек көрсетеміз. Одан өзге жағдайларда семестріне бір рет белгілі мөлшерде қаржы табысталады. Қазіргі кезде "Сұңқар" студенттер кәсіподағы университетіміздегі әр түрлі себептермен әлеуметтік қолдауға мүдделі болған екі мыңнан аса студентке қолдау білдіріп келеді.
Одан бөлек, оқу жылы басталғаннан мемлекеттік тілді қолдау мақсатында іске асырылатын "Бауырсақ-Party" дейтін жобаны жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Жоба барысында ерікті студенттеріміз әр факультет алдында бауырсақ дайындап, студенттерден қазақ тілінде мақал немесе нақыл сөздің жалғасын сұрау арқылы бауырсақтан дәм татуға шақырады. Содан кейін жыл сайынғы университетіміздің негізі қаланған күніне орай, жылдығы есебінде түскі ас береміз. Мысалы, биыл ҚазҰУ-дың 80 жылдығына астың бағасы 80 теңгеден болады. Бұл жобаға кем дегенде екі мыңға жуық студент қамтылып, олар төмен бағада тамақтануға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, "Сұңқар" студенттер кәсіподағы Көңілді Тапқырлар Клубының (КТК) жарыстарын да ұйымдастыруда белсенділік танытады. Жыл сайынғы дәстүрге айналып үлгерген "Сұңқар" кубогы студенттер күніне қарай ұйымдастырылып келеді. Биылғы ойындар ерекше дайындықпен өткізілмек. Жалпы төрт кезеңнен тұрып, оның алғашқы маусым ашар ойындары студенттер күніне орай 17 қараша күні өткізіледі. Айта берсек, "Үздік студенттік топ" және биыл ғана жүзеге асқалы тұрған "Үздік студент" байқауларын ұйымдастырумен де айналысамыз.
- "Үздік студент" жобасы туралы толықтыра кетсеңіз
- Бізде бұрыннан "Үздік 10" және "Үздік 100" дейтін студенттердің рейтингі жаңарып тұрады. Оған көбіне белсенді студенттер қамтылатын. Ал енді студенттер университеттің қоғамдық өміріндегі белсенділігімен қатар, өзге де артықшылықтарымен байқауға өтініш білдіре алатын болады. Өтініш білдіру кезінде студент өзінің шығармашылық еңбектерін немесе ғылыми тәжірибесін ескеріп өтуі маңызды. Соңында әр түрлі номинациялар бойынша үздіктерді анықтайтын боламыз.
- Білім беру саласында студенттерге қандай қолдау білдірудесіздер?
- Білім беру саласында біз көбіне студенттердің шет тілін білу мүмкіндігін арттыруға ат салысып келеміз. Мысалы, ағылшын тілін жетік меңгерген озат студенттеріміз ерікті түрде "Сұңқар" кәсіподағының бастауымен "English Club" тегін оқыту дәрістерін жүргізеді. Бұл салада Халықаралық қатынастар мен Филология факультеттерінің және Экономика жоғары мектебінің студенттері белсенді еңбек етеді. Қызығушылық танытқандарға әрқашан есік ашық. Толығымен тегін ұйымдастырылады. Одан бөлек, Алматы қаласындағы ағылшын тілін оқыту саласында үздік нәтижеге жетіп отырған Study Inn оқыту орталығымен біріге жоба жасаудамыз. Егер университет басшылығы келісім беретін болса, алдағы уақытта аталған оқыту орталығы елу пайыздық жеңілдікпен студенттер қалашығында ағылшын тілін оқытатын болады.
- Болашақта қандай жобаларды қолға алуды мақсат етіп отырсыздар?
- Біздің университетте жұмыс істейтін студенттер кәсіподағы секілді басқа да университеттердің кәсіподақтық бірлестіктері бар. Олардың бірі жұмыс істесе, тағы біреулері, өкінішке орай, атымен ғана тіркелген. Біздің мақсат солардың барлығын біріктіріп, әлеуметтік тұрғыдан белсенділігін арттыру. Ол үшін біз алдымен Алматы қаласындағы Ұлттық университеттердің студенттерімен кездесу ұйымдастырып, сауалнама жүргізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижеде республика көлемінде кәсіподақтық ұйымдарға өзгеріс енгізу, яғни жұмысын жандандыруға ниет етіп отырмыз. Республика көлемінде студенттер кәсіподағын басын қосатын ассоциация құруға қол жеткізуді жоспарлап жатырмыз.
- Айдана, сұқбатыңызға рақмет. Алдағы жоспарларыңыз бен үлкен жобаларыңызда сәттілік тілейміз!
- Рақмет!
Сурет: massaget.kz, kaznu.kz
Ж. Өрісбай