ҚазҰУ-да талантты студенттер байқауы өтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері арасында жыл сайын «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» байқауы өтеді. Бұл байқаудың басты мақсаты — жастардың бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына демеу болу. Қазан айының 7-8 жұлдызында биылғы сайыстың іріктеу кезеңі өтті.
Байқаудың алғашқы кезеңіне қарашаңырақ ҚазҰУ студенттері қатарынан 200-ге жуық үміткер қатысқан. Екінші кезең, «таланттылар тартысы» 14 қазан күні болды. Бұл кезеңде байырғының бүгінге жеткен асыл мұрасын насихаттаған сайыскерлер жетіп артылды. Он саусағы майысқан қыздарымыз би билесе, енді біреуі күміс көмей әнші, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіт сұлтандарымыз да өнерлерін паш етті.
Жігітке жеті өнер де аз демекші, бірі қара домбыраның құлағында ойнаса, енді біреуі театрландырылған қойылымдар қойды. Екінші кезеңде ай десе аузы, күн десе көзі бар 36 ару және тепсе темір үзер 28 жігіт сұлтанымыз бақ сынаған болатын. Қазылар алқасында отырып әділ баға берген қазақтың талантты әншісі, актриса Мөлдір Әуелбекова, әнші Еркін Мәулен, актриса Салтанат Қалиева, Бауыржан Сатов, Назерке Өмір сынды эстрада жұлдыздары әділқазылық етті.
Мөлдір Әуелбекова сайыстың екінші кезеңі туралы инстаграмм желісінде: «ҚазҰУ-дың пысық студенттерін қолдауға келдік! "Ана тілі аруы" және "Жігіт сұлтаны" байқауын өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Қазылар алқасында отырып әділ баға беруге тырысып бағып отырмыз», — деген болатын.
Қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланған бұл сында 13 факультеттен 10 ару, 10 сұлтан таңдап алынды. Ақтық мәре қараша айының 20-сы күні болып өтпек. Жыл сайын дәстүрлі түрде арулар өз қолдарымен қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, жәрмеңке өткізеді. Одан жиналған қаражат жетім балалар үйіне қамқорлық іс-шараларын жүргізуге жұмсалады. Ал жігіттер асық ойнау, қол күрестіру сияқты ұлттық спорт сайыстары бойынша сынға түспек. Сонымен қатар байқауға қатысушылардың тек спорттық қабілеті ғана емес, ұлттық салт-дәстүрді білуі, үлкенді сыйлай білуі де басты назарға алынады.
Айта кетсек, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ету, жастардың жеке тұлға ретінде дамуына, рухани кемелденуіне жәрдемдесу, заманауи қыздар мен жігіттердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын, табиғи сұлулықты насихаттау барысында жыл сайын дәстүрлі түрде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ белсенді студенттерінің ұйымдастыруымен «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» байқауы өтеді.
Жолдаған: Динара Шамишева
Ж. Өрісбай