ҚазҰУ-да «Сұңқар» кубогының жартылай финалы өтті

ҚазҰУ-да «Сұңқар» кубогының жартылай финалы өтті

Жуырда Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Сұңқар» студенттер кәсіподағы ұйымдастыруымен «Сұңқар» кубогының жартылай финалы өтті.  КВН – де факультеттер арасынан үздіктер іріктелген болатын. Бұл ҚазҰУ – да өтіп жатқан алғашқы КВН ойындары емес.

КВН жүргізу құрметі Дастан Жайнаққа бұйырды. Әуелі КВН – ге қатысушы командалар таныстырылды. Ойын арасында түрлі әзілдер болды. Соның бірі Философия және саясаттану факультетінің атынан шығып тұрған «Әлем.кз» командасы болды. Ойын арасында еліміздің бетке ұстар азаматы, кеше ғана күллі әлемді мойындатқан Геннадий Головкинді атауды ұмытпады. Әзілден гөрі мақтаныш сезімі басымырақ болғандай. Өздері айтқандай «жағымсыз жаңалықты ысырып қойып, жағымды жаңалықпен келген «Әлем.кз» әзіл арасына жатақханадағы студенттер өмірін де әдемі үйлестірді. Жалпы, «кез келген жарнаманы әзілге айналдыра білетін» бұл команданың ойыны баршаның көңілінен шықты.

Көпшіліктің назарын аударған филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінен шыққан «Таң қалмаңыз» атты құрамы қыздардан ғана тұратын команда болды. Әли Оқаповтың «Биле» әніне әдемі бимен шыққан құрамның ойыны да әдемі болды. Айта кетерлігі, бұл құрам жақында ғана Астанаға «Жайдарманға» барып келді. «Астананың суығына тоңып келген «Таң қалмаңыз» қыздары Алматылықтардың ыстық ықыласына жылыну үшін келіп, ойын арасында 17 – жатақханадағы сауық – кештері жайлы әдемі әзілдер айтып көрермендерді күлкіге бір қарқ қылды.

Баршамыз Заң факультетін өте жақсы білеміз. Кейбіреуі тіпті, бұл факультеттің жігіттері билеуді де білмейді дегенді шығарыпты. Анығында, әзілге жақын бұл факультетті біз дұрыс білмейді екенбіз. «Мәке, Бәке, Шәке» атты командасымен ортаға шыққан факультет жігіттері жол полициясы жайлы керемет әзілдерімен көрермендер назарын өзіне аудартты. «Іштері пысса заң шығара салатын» заң факультетінің құрамы бұл жолы «дұрыс билей алмаса да, сапалы әзілмен» шықты.

«Нысанаға дөп тигізетін» тарих, археология және этнология факультеті бірден жақсы жаңалықтарымен бастап кетті. Декандары ауысып, орнына ҚазҰУ КВН лигасының чемпионы Арман Қабдешұлы тағайындалғандығын мәлім етті. «Мамандық таңдауда қателеспеген тарихшылардың» ең үздік әзілі 17 ғасырдан жүргізілген тікелей эфир болды. Жалпы, бұл команда «финалға деген нық қадаммен» ойындарын сәтті аяқтады.

Ерекше ойын көрсеткен тағы бір команда, ол журналистика факультетінің «Біздің құрама» атты КВН командасы болды. Ерекше қойылыммен шыққан бұл құрама ойынын барабан үнімен бастады. Арасында әдемі үйлескен би де болды. «Журналист болған соң тек шындық» деген ұранды бастама еткен бұл команда  өз ойындарын «Зал. Камера. Жарық. Дыбыс. Журналисттер. Кеттік» деп бастап кетті. Әзілдері өте ұтымды команда бұл жартылай финалда ең жоғары баллды жинап, финалға жолдама да алды. «Қазақстанның қаражаты секілді, айтары көп» журналист жігіттерге көрермен риза болды.

Сәлемдесуде жоғары ұпайларды жинап алға «Таң қалмаңыз», «Мәке, Бәке, Шәке» және «Біздің құрама» шықты. Келесі айналым бес жаңалық форматындағы бес әзіл болды. Бұл жолы да КВН – шілеріміз жақсы ойын көрсетті. Әрине, әзілін дұрыс жеткізе алмаған командалар болды, дегенмен де көрерменнің көңілін көтере білді.

Соңы марапаттауға ұласып, сөз кезегі қазылар алқасы мен «Сұңқар» студенттер кісподағының төрағасы Айдана Сыдықоваға берілді. Айдана ойыншыларға сәуір айында өтетін финалға сәттілік тіледі. Жалпы, ойын қызық өтті...

Жолдаған: Беласар Гүлжанат
"Сұңқар" студенттер кәсіподағының баспасөз хатшысы

Сурет: vk.com

Е. Жұмабайұлы