Қазақстанда диссертация жарияланымына қатысты талап өзгерді

Қазақстанда диссертация жарияланымына қатысты талап өзгерді

Қазақстанда докторант диссертациясының ғылыми жарияланымына қатысты талап өзгерді. Енді сапасы күмән тудыратын ресурстарда жарияланатын 7 мақаланың орнына сенімді ресурстағы 1 мақала жеткілікті. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-те хабарлады.

"Бұған дейін докторант қорғау кезеңіне дейін жету үшін 7 мақала жариялауға тиісті болатын. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін докторанттар сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланымдар жасауға мәжбүр болды.

Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базалардан алынып тасталған, түкке тұрмайтын журналдарда жарияланған кездер болды. Осыған байланысты біз бұл тәжірибені өзгертеміз деп шешім қабылдадық.
Енді қарапайым ереже жұмыс істейді – сапасы төмен журналдарда 7 мақала жариялағанның орнына, жоғары квартильге кіретін басылымдарда мақалалар жарияланса жеткілікті. Ал бірінші квартиль құрамына кіретін журналдарда бір ғылыми мақала шыққан болса, өзге жарияланымдар талап етілмейді.

Бұл шара сапасыз жарияланымдардың санын азайтып, жүктемені жеңілдетеді және ғалымдарды дәйексөздері таралу бойынша жоғары деңгейдегі оригинал ғылыми мақалалар жазуға ынталандырады", - делінген жазбада.

Massaget