- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- "Қазақ деп ойлап...
"Қазақ деп ойлап қалады". Якутиялық студент Қазақстандағы өмірі туралы айтты
Якутиядан келген студент қазақ тілін қалай үйренгенін және қазақтарға деген көзқарасын айтып берді, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Оның айтуынша, алғашында қазақ тілі ән секілді естіліпті.
"Менің атым - Дайаана. Жасым 22-де. Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінің 4-курсын тәмамдап жатырмын. Қазақтар - өте қонақжай, адамгершілігі мол халық. Қазақ тілі маған алғашында ән сияқты естілді, яғни түсініксіз көрінді, бірақ түркі тілі екенін бірден сезіндім. Якут тілін жақсы меңгергендіктен, әрі мамандығым тілге байланысты болғандықтан, сөздеріміз ұқсас екенін бірден түсіндім", - деді студент.
Дайаананың сөзінше, оны көпшілік қазақ деп ойлайды екен.
"1-курстан бастап бәрі менен "сен қазақсың ба?" деп сұрайды. Тілді білу, оны сақтау өте маңызды деп ойлаймын. Банкке, банкоматқа, терминалға барсам да қазақ тілін таңдаймын. Неғұрлым көп адам таңдаса, жасанды интеллект бұл тілді танымал деп санайды және оны одан әрі дамытады. Ал Якутскіде якут тілінде сөйлеуге тырысамын", - дейді ол.
Якутиялық студент қазақ тіліндегі "аманат" сөзі қалай әсер еткенін айтып берді.
"Аманат - тіліміз, мәдениетіміз, жеріміз. Қазақстанға келген әрбір якут - аманат. Якутиядағы әрбір қазақ - бізге аманат, оны аман-есен туған еліне қайтару біздің парызымыз. Бұл өте керемет сөз және оның керемет мағынасы бар", - деді Дайаана.
Ол қазақ тілін қалай үйренгенін де әңгімелеп берді.
Ж. Қадыржанова"Қазақ тілін оқулықтан үйренбедім. Үнемі музыка тыңдап, сатушылармен, такси жүргізушілерімен сөйлесу арқылы үйрендім. Қазақ тілін үйреніп, деңгейімді жетілдіргім келеді", - деді ол.