Қайран күндер, сайран күндер...
Студенттер, аяулы адал жандар,
Жыл сайын жасарғандар, жаңарғандар.
Қыз қуып терезеге қарағандар,
Білім қуып бөлмеге қамалғандар.
Адамға өзі үшін ең қымбат сәттер болады. Көптің басынан өтетін студенттік шақты өзім өткеріп жатырмын. Мен сол кезді мектепте жүріп-ақ армандаған болатынмын. Болашаққа қадам жасап, өмірлік арман-мақсатыңа жеткізетін әркімнің қалаған оқу орны бар. Өміріміздегі ең қызық кезеңнің бірі – студенттік кез. Нағыз студенттің күйін кешу.
Бұл кез мектептегідей емес... Өте ерекше... Иә, ерекше болғанда да басқаша. Білім көзін ашқан алтын ұя мектебімізбен қоштасып жаңа өмірдің табалдырығын аттадым. 12 жыл бойы (0-сынып бар ол кезде) туған бауырымдай болып, бір үйдің балаларындай өсіп келген кластас достарыммен қоштасып өзіме таңсық жаңа ортаға қадам бастым.
Арман атты қайықтың жетегіне мініп өзім қалаған мамандық бойынша кездейсоқ емес, жүрек үніме құлақ түре отырып жоғарғы (ВУЗ) оқу орнына түстім. Енді мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студентімін. Әрине, басында алаңдаушылық болды. Қандай адамдар? Қандай орта? Жүздері жылы жандар ма? Уақыт та зымырап өте шықты ғой шіркін!...
Көз көрмеген, үйренбеген таныс емес орта алдымнан шыға келді. Бұрын-соңды көрмеген ұстаздар. Ішіңде алай-дүлей ойлар зырғып кетіп жатыр. Бір жағынан қуанып та тұрмын. «Мен алдағы уақытта осы адамдармен ең жақын қарым-қатынаста болам. Олар менің әріптестерім. Олар менің екінші отбасым. Иә, бұл бір ғажап қой». Бұл менің өз группама адасып келгендегі (кабинетті сандалып таба алмай жүрген сәттегі) жеке ойым болатын. 4жыл бойы бір асты бөлісіп, бірге жылап, күліп, білім қорымызды бірге көбейтер группаластарымды көргім келген уақытқа сол бойда жеттім. Кабинеттің табалдырығынан кіргеннен бастап, мен өз өмірімнің жаңа белесін аттағанымды сезіндім. Ата-анам мені ақылы болса да, жоғарғы оқу орнына түсірді, арманымның бір бөлшегін құрап берді, енді оны бүтін қылып қол жеткізу, ата-анамның үкілеген үмітін ақтау менің жұдырықтай жұмылған қолымның, бойымдағы күш-жігерімнің еншісінде.
Жайлап группаластарыммен де таныса бастадым. Қаладан келген небір сылқымдар да бар, ауылдан арман қуып келгендер де бар. Әркім көзге әртүрлі болып түсті. Филология факультеті болғандықтан, группада тек қана 4 жігіт отырған болатын. Көп студент осы мамандыққа түскен екен. Әрине, өз арманымен. Барлық нәрсе армандағаннан болады ғой. Әлгі арпа ішіндегі 4 бидай артқы жақта отыр. Тең жартысы қыз болғансын, алға неге отырмады екен деп ойлап қоям іштей. Қыздар да бір жағынан ерік бермеген шығар. Сөйтіп бір-бірімізді тани да бастадық. Біздерді екі топқа бөле бастады. Группада ақын да бар, әнші де бар, биші де бар барлығы жан-жақты жандар. Бір күні жиналыс болған, группа болып белсенді студенттердің қатарына қосылуға жиналысқа бардық. Кастинг болып жатыр екен. Барлығы таланттарын талқыға салу үшін көпшіліктің алдында өзін түрлі қырынан көрсетуде. Бірі әртістік қырынан, бірі ән салып, билеп те жатыр. Белсенді болуға ұмтылып-ақ тұрмыз. Жоғарғы курс студенттерімен «апайлап» мәз болып сөйлесіп жүрміз. Мұғалімдер деп шатастырып алған болуымыз керек. Сөйтсек өзімізден бір-ақ жас үлкен студенттер болып шықты.
Сабақта да небір қызықтар болған. Мектептегідей емес, сабағымыз басқаша өтеді. Ең бірінші рет орыс тілі сабағын өткізген болатынбыз. Бір қызық болды-ау ол пән. Алғаш рет орыс тілінен беретін оқытушымен танысу сабағы болған. Орыс тіліне әлі ыңғайланбаған тілімізбен шүйіркелесіп, әйтеуір таныстық соңына да жетті. Орысша жақсы меңгерген студенттер болса солардың сөзін қайталап толқып, ұялғаннан бірдеңе айттық. Бәрі біркелкі қайталанып келе жатыр. «А» әрпі бар сөздерді қазақша айналдырып «ә»қылып, жетпей жатса қазақша сөйлеп қоямыз. Сыртынан қарағанда күлкілі көрінеді өзі. «Семестр, рейтинг т.б» сөздер шыға келді алдымыздан. Олардың не екенін де білмейміз ол кезде. Кабинет іздеуден де адастық. Көз алдымызда бажырайып тұрған кабинет санын көрмей кеткен де кезіміз болған. Бірінші курстың қызықтарының алғашқысы осыдан басталған. Группа бірін-бірі танып үйрене бастады. Топ ішінде топшалар пайда болды. Ол да бір заңдылық қой кез келген ортадағы. Адасу, оқытушылардың атын шатастыру, оларды кескін-келбетіне қарап сипаттап атау ең алғаш «перваштардың» басынан өтетін жайттар қатары.
Балмұздақтай болып келген бірінші курс студенттері бүгінде екінші курстың да есігін ашты. Қызық күндер де зырғып өткені өкінішті. Бастапқы күндерді босқа өткізбедік деген ойдамын. Талай нәрсені көрдік, санамызға түйдік, өмірді жаңа қырынан тани бастадық. Қазір "қайран күндер, сайран күндер" деп сағынып отырмыз...
Кенжеғали Кәмшат, студент
Ж. Исакаев