Алматы нұрға малынып, қалың қар жауған күні «Әлем» әдеби бірлестігі екі жылдығын ҚазҰУ журналистика факультетінде белгілі ақындар мен өнер адамдарының басын қосып тойлады.
«Әлем» әдеби бірлестігі 2012 жылы 20 қарашада Алматы қаласында республикалық Жазушылар Одағы мен республикалық Жастар Департаментінің қолдауымен ҚазҰУ журналистика факультетінің жастарынан құрылды. Кеңесшісі - ақын Маралтай Райымбекұлы мен с.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Гүлмира Сұлтанбаева. Бірлестік төрайымы - жас ақын, республикалық «Шұғыла» мәдениет орталығының президенті, әнші, сазгер Руслан Мамытов Алтынбекұлының PR менеджері, ҚазҰУ журналистика факультетінің 4 курс студенті Ақтолқын Тажикова Орысбайқызы.
Кеш тізгіні жас әнші Әбдіжаппар Әлқожа мен бірлестік төраймының бірінші орынбасары, жас ақын, журналистика факультетінің 3 курс студенті Арман Құдайбергенге бұйырды. Ақын, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы ізгі құттықтауын білдіріп, «Өткірдің жүзі» атты публицистикалық шығармалар жинағы мен «Махаббатым менің» атты өлеңдер жинағын өз қолтаңбасымен тарту етті. Сондай-ақ кеш барысында филология ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Клара Қабылғазина білестік ұжымына алғысын білдіріп, құттықтау сөзін сөйледі.
Шараны ақын Серікзат Дүйсенғазиннің сөзіне жазылған, Медет Салықовтың әні «Байтақ еліммен» әнші Өмірқұл Айниязов ашты. Бұл кешке әнші Руслан Мамытов, Абай Бегей, Есет Сәдуақасов, Мөлдір Әуелбекова, Асхат Тарғынов, Бүркіт, Нұрболат Абдуллин, Қайсар Қуаныш, Шерхан Мұратұлы, Бекзат Молдабергенов, Нұрсұлтан Болат, Олжас Шерхан, Абат Әуесбаев, Данияр Жақсылық, породист Асқар Көмекбаев, ақын Динара Мәлік қатысты.
Бірлестіктің екі жылдығына арнайы Ақтөбеден ат артып жас әнші Бағдат Сейіт Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әнімен келді.
Шара бес сағаттан астам уақытты қамтыды. Бірақ кештің кереметтей өтуі себепті көрермендер уақыттың қалай зымырап өткендігін байқамай қалды.
Кешке ақын Күләш Ахметова, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын, сазгер, бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы Әкім Ысқақ белгілі себептерге байланысты келе алмаса да, өз құттықтауларын жолдады.
Кештің соңын Әбдіжаппар Әлқожа «Жалғыз жапырақ» пен «Мәжнүн деп пе едің» атты әнімен қорытындылады.
Бірлестік төрайымы Ақтолқын Орысбайқызының айтуынша, «Әлем» әдеби бірлестігі дарынды жастардың даралығын насихаттау мақсатында құрылған. Қазіргі таңда бірлестік құрамы әр облыстағы дарынды жастардың басын қосу мақсатында шараларды қолға алуда. Нақты құрамы 70-тен асады екен. Негізгі құрам жас ақындарды құрайды. Алдағы уақытта «Әлем» мәдениет орталығына айналуы мүмкін.
Жолдаған: Айсұлу Исаева
Сурет: Сымбат Карл, Құлмахан Салыбеков