- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- ЖОО-да оқыған адамдар...
ЖОО-да оқыған адамдар ми жарақатынан тез жазылады
Америка Құрама Штаттарының ғалымдарға арналған басылымдары жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған білімді адамдар басқаларға қарағанда ми жарақатын жеңіл өткеретінін жазып отыр. Бұған сараптама жасап, зерттеген ғылыми басылым – Neurology. ЖОО-да оқып, бітірген мамандардың миға зақым келген ауруларға төзімді болатыны жайлы тұжырымға жақында ғана осындай жарақат алған 769 адам қатысқан зерттеу жұмыстары кезінде келген.
Мамандар зерттеу жұмыстарына қатысатын 769 адамды білім сатыларына қарай үш топқа бөлген. Бірінші топқа мектеп бітірген немесе мектеп бітірмеген адамдар бөлінсе, екінші топқа орта білім алған адамдар және қосымша курс оқыған азаматтар кірген. Ал үшінші топқа ЖОО-да бакалаврды тәмамдаған, магистратура және докторантура сатысы бойынша білім алған адамдарды топтастырған. Бақылау бір жылға созылған. Нәтижесінде жоғарғы білімі бар азаматтар басқалармен салыстырғанда кез келген жарақатқа қарамай ми жарақаттарын тез өткеріп, төзімділік таныта білген.
«Жоғарғы оқу орындарында білім алып, тәмамдаған қатысушылар білім деңгейі төмен басқа қатысушыларға қарағанда жеті есе ерте жазылған. Ал екінші топтағылар бес есе ерте әл жинап, орнына келді», - дейді осы зерттеудің авторы, доктор Эрик Шнайдер. Мектеп бітірумен ғана шектелген және мектептегі білімді де толық аяқтай алмаған қатысушылар ұзақ уақыт бойы орнына келе алмай, шаршаған көрінеді. Осы арқылы зерттеуге ат салысушылар білімнің адам денсаулығына да пайдасы барына көз жеткізген.
А. Әбілхан