- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Жатақхана бірінші кімге...
Жатақхана бірінші кімге беріледі?
"Қош келдің, студент!" деп құшақ жая қарсы алатын кез келген жоғары оқу орны алыс-шалғай жерлерден келген білімгерлерге міндетті түрде өз жатақханасын ұсынады. Бірақ өкінішке орай жатақханада орын шектеулі болғандықтан, ол барлық студентке бірдей берілмейді. Сол себепті кезекті материалымызда жатақхананың, ең алдымен, қандай студенттерге берілетіні туралы жазуды жөн көрдік.
Қазіргі таңда көптеген ЖОО "жатақхана" сөзін "студенттер үйі" сөзімен алмастыруда. Себебі барлығымыз білетіндей жатақхана сөзі қоғамда жалпылама сөз ретінде қолданылады. Яғни студент, жас отбасы немесе үйі жоқ кез келген адам тұратын тұрғын үй кешенін "жатақхана" деп атайды.
Сонымен жатақхана, ең алдымен, қандай студентке беріледі?
Біріншіден, факультет немесе жатақхана әкімшілігі басымдылықты жетімдерге, көп балалы отбасына, өзі мүгедек немесе әке-шешесі мүгедек студентке береді.
Екіншіден, студент "Алтын белгі" немесе "Қызыл аттестат" иегері болса, жатақхана алу мүмкіндігі жоғарылай түседі. (Бұл тек бірінші курс студентіне қатысты).
Үшіншіден, студент университет өміріне белсене араласып, қоғамдық өмірінде біршама жұмыс атқаратын болса, оның қандай курста оқитынына қарамастан жатақхана үлестіріледі.
Төртіншіден, алыс-шалғай қала, аудан, ауылдардан келген студенттерге міндетті түрде жатақхана қарастырылады.
Студент факультет әкімшілігіне өткізген өтінішінде жоғарыда көрсетілген жеңілдіктерді міндетті түрде анықтамамен расталуы тиіс. Анықтама болмаған жағдайда ол негізсіз саналады.
Студентке жатақхана үлестірілгеннен кейінгі орналасуға керекті құжаттар:
- жеке куәлік көшірмесі;
- университеттің медициналық орталығынан тексерістен өткендігі жөнінде анықтамасы (флюорографиялық тексеріс қорытындысы міндетті түрде талап етіледі);
- жатақханада тұру ақысын және ғаламтор қызметі үшін белгіленген төлемақыны төлегендігі туралы түбіртек (Жатақханаға төленетін тұру ақысы және ғаламтор байланысы үшін төлемақы университет бойынша шығарылған тиісті бұйрыққа (өкімге) сәйкес белгіленеді);
- 3х4 фотосурет (6 дана).
Қосымша:
Жатақханаға орналасу кезінде студент тұру ордерін, рұқсатнама карточкасын алады. Ол төсек қажеттіліктерімен, тоңазытқыш, жиһаз, ғаламторға қосу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бөлмені пайдалану барысында студент материалдық құндылықтарға жауапты болады.
Н. Нұрмаханұлы