Арман қуып алып шаһар Алматыға да келіп қалдым. Бұған дейін де бірнеше рет түрлі байқауға қатысып, бағымды сынауға келген едім. Бірақ бұл жолы мүлдем басқаша. Өйткені, мен енді еліміздегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі – Абай атындағы қасиетті қара шаңырақтың студенті атануға келдім. Алты Алашқа аты әйгілі ақын-жазушылардың жүрген жеріне келіп, білім нәрімен сусындау – бала кезден келе жатқан арманым еді. Міне, он бір жыл оқыған еңбегімнің арқасында алға қойған арманыма қол жеткіздім.
Студенттік өмірдің басталуына да санаулы күндер қалды. Әйтеуір уақытымды құр жібермей, Алматының әсем жерлерін аралаумен өткіздім. Аспанмен тілдескен тауы, сол таудан сыңғырлап аққан тас бұлағы, бір сөзбен айтқанда таңғажайып табиғаты таңдай қақтырды.
Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталды. Қателеспесем, қыркүйек айының екінші жұлдызында жатақханаға орналастық. Әрине, барлық жағдай жасалған дей алмаймын, алайда өте көңілді. Филологтардың жатақханасы болғасын күнде думан, күнде той ғой. Кешке қарай бір бөлмеге жиналып, домбырамен, гитарамен ән салып, бүкіл жатақхананы басына көтеретінбіз. Оқу орнымыз бен жатақханамыздың арасы таяқ тастам жер, жап-жақын. Соның өзінде кешігіп барамыз ғой сабаққа. Тамақ жайына келетін болсақ, алғаш күндері әртүрлі жерлерден (көбіне Қағанаттан) ішетінбіз. Уақыт өте келе қыздармен де дос боп алдық. Өтірік сабақ сұрап барып, тамаққа тойып келеміз. Қысқасы, жатақханада жүрсек, аш қалмайтынбыз. Оған Ринат Зайытовтың:
«Жатақхана – общяга,
Оны да бір бақ сана.
Тойып алып жатасың,
Китайский лапшаға», - деген өлең жолдары дәлел бола алады. Кейде қыздарға қайта-қайта бара беруге ұялып, қалтамыздағы соңғы тиынды санап, "роллтон" әкеліп жеп аламыз. Оны «студенттердің бешбармағы» деп атайды. «Студенттік өмір – көтеріңкі көңіл» деген осы ғой.
Жатақханадағы қызықтарды айтып тауысу мүмкін емес. Ең бастысы ол бізді бауырмашылдыққа, ауызбіршілікке, имандылыққа үйретті. Сондықтан, жоғары оқу орнының табалдырығын аттайын деп отырған студент жастар, жатақханада тұрыңыздар!