- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Емтиханға төрт күн...
Емтиханға төрт күн қалғанда дайындалу
Емтихан – сырт қарағанға түкке тұрғысыз кезең көрінгенімен, студенттер үшін өмірінің аса маңызды сәтіндей болады. Осы күндер жақындаған сайын үрейіміз ұлғая түседі. Өзімізден өзіміз дүрбелең тудырмай, емтихан дайындығына жай ғана төрт күн арнау тәсілін байқап көрейік.
1-күн.
Барлық сұраққа сөз жүгіртіп, оларды қиын, орташа, жеңіл деп үш топқа бөліңіз. Содан соң ең жеңіл сұрақтарға берер жауабыңызды қысқаша жоспарын жазыңыз. Одан кейін шамаңыз келсе, ақырындап оңайдан орташаға қарай өтіңіз. Содан кейін сұрақтарға беттемеңіз. Барлығын жауып қойып, демалыңыз.
2-күн.
Бірінші күн секілді орташа сұрақтарға көңіл қойып, жан-жақтан жауабын іздеңіз. Емтиханда жазу керек маңызды нәрселерді қазір қағазға түртіп алыңыз. Кейін тез қайталап алуға әрі есте жақсы сақталуына көмектеседі. Осылай шамаңызға қарай қиын сұрақтарға қарай жүріңіз. Миыңыз шаршаған кезде, демалуға мүмкіндік беріңіз. Дайындық бетін бұл күні қайта ашпаңыз.
3-күн.
Қиын сұрақтардың күні туды. Бірақ сеніңіз, жеңіл мен орташа сұрақтарды оңай тойтарып тастаған соң, бұл сұрақтар да алғашқы күндегідей аса қиындық туғызбайды. Екінші күн секілді дайындалыңыз. Салмақ түсірген сұрақтардың арасына үзіліс салыңыз. Сәл тыныққан соң, қайта оралыңыз. Осылай барлық сұрақтың шешімі тез табылады. Кеш батқанда жақсылап демалыңыз.
4-күн.
Бұл емтиханға бір күн қалған сәт. Мұндай кезде сұрақтарды да, мәселелерді де бір сәт естен шығарып, ұйқыны қандырып, таза ауада тыныстаған жақсы әсер етеді. Күнді жаныңыз қалаған іске арнаңыз.
Емтихан күні.
Дайындалған парақтарыңызды қолға алып, барлығын жылдам қайталап шығыңыз. Таза мимен, еш саспастан емтиханға кіріңіз. Барлығы ойдағыдай болады. Сіз кез келген сұраққа мүдірмей жауап бересіз. Біз сенеміз! Сәттілік!