Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы, қытай миллиардері Джек Ма 2017 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінде дәріс оқыды. Ол студенттерге өзінің компаниясын қалай құрғанын, ақшаның құны, технология мен тілдерді меңгерудің маңызын айтып берді. Назарыңызға Джек Ма дәрісінің ықшам нұсқасын ұсынамыз.
1. Мен көп қателестім, бірақ мойымаппын
Мен жас кезімде көп қателестім. Барлығы қателеседі, бәрінде проблема көп, бірақ онда ешкімнің шаруасы жоқ. Ал біз жетістікке жетіп жатсақ, барлығы біздің өмірге, әсіресе қателерімізге қызыға бастайды. Мен қателескен адамдардың және өз қатемді қайталамауды үйрендім. Alibaba компаниясы да көп қате жіберді, бірақ бәрібір аман қалдық. Мен түсінген ең басты нәрсе – ешқашан шағымданбау.
Бейбақтар әрдайым біреуді кінәлап әлек болады. Ал жетістікке жететін адам "Бәлкім, бұл мен бірдеңені дұрыс істемедім, бұл менің қатем" дейді. Бізге басқа біреу неге көмектесуі тиіс? Біреудің көмегінің де қазір ақысы бар.
2. Жетістікке бірден жету қиын
Көп адам маған қарап, "сіз ұлы адамсыз" деп жатады. Бірақ шынында мен сонша ұлы емеспін. Мен қарапайым отбасыда дүниеге келдім, нашар оқыдым, біраз уақыт университетке түсе алмай, кейін жұмыс таба алмай жүрдім. Бірақ мен ешқашан берілмедім, сіздерге де берер кеңесім сол. Бірақ есте болсын, жетістік бірден келе қоймайды. Өміріңізді жоспарлап жатсаңыз, он жыл алға ойлаңыз.
Жоғары оқу орнынан кейін сіздер кәсіби мансаптарыңызды енді бастайсыздар, қолдарыңызда диплом. Бірақ ол тек қағаз ғана. Шын емтихан – өмірдің емтиханы.
3. Технологиядан қорықпаңыздар
Адамда қиял мен өзіне деген сенім болмаса, болашақтан қорқа бастайды. Болашақтан табысты адамдар да қорқады. Бірақ бізде жоғалтатын ештеңе жоқ қой? Мен бұл сөзді өзіме 18 жасымда айтқан едім. Ол кезде бізде ақша болмады, сондықтан оны жоғалтамыз деп қорықпадық. Бізде айырылып қаламыз деп қорқатын технология да болмады. Біз болашақта электронды сауда мен интернет мықты құралға айналатынына сеніп, 10-20 жылдан кейін бұл саланың маманы атанатынымызды біліп, сонымен айналыса бастадық. Болашақтан қорықпаңыздар. Өзгелер қорқуы мүмкін, бірақ технологиялық революцияны ештеңе де тоқтата алмайтынын түсінуіміз керек. Сіз алаңдап жүрдіңіз – революция болды, сіз алаңсыз жүрдіңіз – революция болды. Сонша алаңдаудың мәні қанша?
4. Бүгін сізге қиын болады, ертең одан да қиын болады, ал бүрсігүні барлығы жақсы болады. Бірақ көбі ертең кешкісін беріле салады
Сондықтан да тынымсыз еңбек ету керек. Әр күніңіз қиын болуы мүмкін, бірақ әрбір қиындық сізді шыңдай түседі. Оңай ештеңе болмайды.
18 жылда Alibaba көп жетістікке жетті, біз өзгелерден көбірек жұмыс істедік. Күн-түндеп ұйықтамадық, былтыр мен 867 сағатымды ұшақта өткізіппін. Сондықтан біз өзгелер 70 жылда істейтін нәрсені 18 жылда істедік.
Өз жолдарыңызды таңдаңыздар. Президенттер не ойлайтынына бас қатырмаңыздар. Тек сізге қатысы бар нәрсені ойлаңыз. Путин әлем тағдырын қалай шешемін деп ойласа ойлай берсін, ал сіз университеттен кейін қалай ақша табамын деп ойланыңыз.
5. Ең бастысы ақша емес
Егер біреу "менде ақша болса, ананы істер едім, мынаны істер едім" десе, "мынадай оймен сізде ешқашан ақша болмайды" деймін. Барлық нәрсе ақшаға келіп тірелмейді. Егер сіз шын мәнінде өз ісіңізбен айналысып, өмірде бір жетістікке жеткіңіз келсе, ақша өзімен-өзі келеді.
Alibaba компаниясының басында ақшасы болмады, бізге ешкім төлемеді. Біздің ең алғашқы табысымыз алғыс хаттар болатын. Олар: "Сіздердің маған осылай көмектеріңіз тиіп жатқанына дән ризамын, бірақ менің сіздерге төлейтін ақшам жоқ" деп жазатын. Біз: "Ештеңе етпейді!" деп жауап беретінбіз. Себебі біз өз клиенттеріміз кейін бізге ақша төлей алатын деңгейге жетуі үшін оларға көмектесіп жүрдік.
6. Тілді оны жай меңгеру үшін білу жеткіліксіз
Тіл білу өте маңызды. Мәселен сіз ағылшынша білмесеңіз, халықаралық бизнеспен айналыса алмайсыз. Бірақ тілді жай сөйлесу үшін білу жеткіліксіз. Болашақта жасанды интеллект арқасында тілді меңгеру қажеттігі жоғалады. Біз құлағымызға құлақтық тақсақ болғаны, бәрін сіз үшін аударып береді.
Бізді өзге тілді меңгере бастағанда сол тілде сөйлейтіндерді, олардың мәдениетін құрметтей бастаймыз. Егер сізге өзге елдің мәдениеті ұнамаса, сіз ешқашан дос таппайсыз. Ал егер досыңыз болмаса, бизнеспен қалай айналыспақсыз? Өзге тілдер маған қатты көмектесті. Бірақ одан маңыздысы – мен өзге мәдениеттерге құрметпен қарай бастадым.