- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- "Біз" студенттер театрының...
"Біз" студенттер театрының жаңа қойылымы
Ертең, 27 сәуір күні сағат 18:30-да Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазақ Ұлттық университетінің "Біз" студенттер театры жаңа спектакльдің тұсауын кесіп сахнаға шықпақ. Есенгелдиев Сәкен режиссерлік ететін труппа драматург, әнші, актер Қанат Жүнісовтің "Ғашықтар хикаясы" атты шығармасын сахналайды. Спектакльдің музыкасын жазған – Қанат Жұмабаев.
2006 жылы құрылған театр 2007 жылы сәуірдің 4 күні "Адаспаңдар!" атты қойылыммен тұсауы кесілген болатын. Содан бері тәй-тәй басып "Той", "Кешіріңіз, сізді ажал күтіп тұр!", "Бағдаршам" және "Ол көктем оралмайды", "Миллион раушан гүл" атты қойылымдарды сахналап үлгерді. Оның артынша "Әпке" пьесасымен көрермендерін қуантқан еді.
Ал, ертеңгі "Ғашықтар хикаясы" атты жаңа қойылымның жанры – музыкалық комедия.
…Ә дегеннен әуелеген шабытты ән көз алдымызға кешегі күндердің елесін шақыра берген. Театр актері мамандығын таңдаған төрт студент жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Олардың біреуі бірінші курста оқыса, қалғаны – жоғары курстың "тіс қаққандары". Бір қызығы, Тұрсынбек «балмұздақ» болса да, аузын ашып, аңқиып жүрмейді, алып-ұшып, ағаларының көңілінен шығып тұрады.
Жоғары курстағы үшеудің екеуі екі аруға ғашық. Оларға сезімдерін жеткізудің амалын іздейді. Болашақтары туралы білгілері келген қыздарды балгермен кездестірмекке бөлмелеріне шақырады. Осылай өрбіген оқиға барысындағы қызықты сәттер сахнада көрініс табады. Спектакльде "Біз" театрының Бакрамбек Ералы, Шамишева Динара, Аманбай Қадір, Тілес Қанат, Әмірбек Бекарыс, Қызайбай Әлібек, Жапатова Көркем, Ахмет Жанерке, Жетібаева Мадина есімді жас әртістері өнер көрсетеді.
Г. Берік