Болашақ бағдарламасының ресми мәлімдемесіне сәйкес, стипендияға үміткерлерді іріктеуережелеріне өзгерістер енгізілді. 2018 жылдың 30 наурыз күні қабылданған қаулы бойынша мына өзгерістер күшіне енді: Бірінші, бұрын тағайындалған стипендияны пайдаланбай, оқу үдерісіне немесе оқу-тәжірибесіне кіріспеген стипендиаттарға Орталыққа қарызы болмаған жағдайда бір реттік қайта байқауға қатысу мүмкіндігі беріледі. Яғни, бұған дейін Болашақ стипендиясы тағайындалған байқау жеңімпазы, қандай да бір жағдайға байланысты өз еркімен стипендиядан бас тартып, оқуға аттанбаған болса, байқауға қайта қатысуына болады. Екінші, Өз еркімен қабылданғандар санатындағы талапкерлерге бакалавр немесе мамандық дипломындағы орташа баллға деген талап 3.3-тен 3.0-ге дейін төмендетілді. Үшінші, Қазақстандағы тілді игеру кезеңін бақылау механизмі енгізілді. Тілдік курстардың өнімділігін арттыру және тілді меңгеру деңгейінің қажетті межесін мақұлдау мақсатында, енді стипендиаттар тіл курстарын аяқтағаннан кейін аралық тестілеуден өтеді. Аталған тестілеуден өтпеген жағдайда стипендиаттарға келесі екі ай ішінде бір реттік қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Бұл талап орындалмаған жағдайда стипендия тағайындалмайды. Бағдарлама түлектеріне қатысты ережелерге де өзгертулер мен жаңа ережелер енгізілді. Өз еркімен қабылданғандар және жалпы конкурс санатындағы түлектерге өз мамандығы бойынша Қазақстан территориясында орналасқан қазақстандық және шетелдік заңды филиалдар мен өкілдіктерде еңбек ету мүмкіндігі беріледі. Ғылыми-педагогикалық қызметкерлер, инженер-техникалық қызметкерлер, мәдениет, шығармашылық қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері, оқу-тәжірибеге үміткерлер санатындағы түлектерге жұмыс берушімен үш жақты келісімге келген жағдайда, Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан өзге мекемелерде еңбек ету мүмкіндігі беріледі. Барлық санаттағы түлектерге бастауыш, орта, кәсіби, жоғарғы, ЖОО-дан кейінгі білім беру мекемелерінде балама еңбек өтеу жағдайы қарастырылған. Қалалық, облыстық, аудандық деңгейдегі аталған мекемелерде еңбекпен өтеу мерзімі 2 жылды құрайды.