Астаналық студенттер тігін цехының жұмысымен танысты
Бүгін Астанадағы техникалық колледждің студенттері ASTANA Ютария ltd» компаниясының тігін цехында болып, жұмыс барысын өз көздерімен көріп қайтты. «NADLoC» АҚ ұйымдастырған осынау экскурсияға 20-дан астам студент қатысты.
Олар киімнің қағаз бетіне түсірілген жобасынан бастап, тігін машинасымен жұмыс істеу, оларды пішу, тігу, тегістеу, яғни тігін жұмысы кезіндегі барлық технологиялық процесті көздерімен көрді. Мұндай шараларға жиі қатысып, тәжірибе алмасу – студенттер үшін кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік береді.
«Біздің оқу орнында бүгінгі күні дәнекерлеуші, токарь, электриктер, жол-құрылыс техникасы жүргізуші, құрылысшы, аспазшы және кондитер мамандарын дайындаймыз. Келесі жылы тігін саласы бойынша мамандық ашу жоспардағы бірінші мәселе. Біздің мектеп еліміздегі ірі кәсіпорындар мен өндірісітік мекемелермен келісімшартқа отырған. Оның ішінде осы тігін фабрикасы да бар. Бүгінгі кездесу барысында біз кәсіпорын басшылығымен студенттердің тәжірибеден өтуі сияқты мәселелерді талдадық» дейді Астанадағы Техникалық колледждің мұғілімі Алтыншаш Алимова.
Сонымен қатар, экскурсия барысында студенттер де өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан кеңестерін алып жатты. Тіпті, кейбірі болашақта осы кәсіпорында жұмыс істеуге ниетті екендерін де жасырмады.
«Бізге бұл тігін фабрикасы ұнады. Жалпы, оқу барысында осындай экскурсиялар жиі ұйымдастырылғанын қалаймын. Қазақ «мың рет естігенше, бір рет көр» дейді. Көзбен көріп, қолмен ұсталған дүниелер адамға көп тәжірибе берері анық», - дейді аталған колледж студенті Еламан Елтаев.
Ал, аталған кәсіпорын директорының айтуынша, тігін саласының қыр-сырын меңгерген білікті мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан, осындай оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып келеміз дейді ол.
Шолпан Нұрғалиева, «Астана Ютария» ЖШС директоры:
- Осы жылдың сәуір айынан бастап біздің компанияның жұмысы жандана бастады. Соның арқасында көп адамды жұмыспен қамтыдық. Бұл мекемеде бүгінгі күні 150-дей адам қызмет атқарады. Олар еліміздің әр аймағынан жиналған. Алыс облыс, аудандардан келген мамандарды жатаханамен қамтамасыз етеміз. Десек те, бізге тоқыма цехына арнайы қызметкерлер, дизайнер, конструктор сынды арнаулы мамандар қажет. Тігін саласының қыр-сырын меңгерген адамдар жеткіліксіз, жоқтың қасы. Біз тек сапалы маталарды, яғни сертификаты бар, арнайы зертханадан өткендерін ғана пайдаланамыз. Жұмыспен қамту орталықтарымен тығыс байланыстамыз. Кей мамандарды қайта даярлау бағдарламасы аясында оқытып аламыз. Сондықтан, студенттермен де байланысымызда арттырудамыз. Олар оқуларын аяқтап, өз кәсібінің маманы болса, біз оларды жұмысқа қабылдауға дайынбыз.
Айта кетейік, аталған оқуы орны 2009 жылы Елбасының қолдауымен ашылған болатын. Мақсаты – ата-анасының қамқорлығынсыз үкімет үйінде тәрбиеленген балалардың кәсіптік білім алуына мүмкіндік беру. Бүгінгі күні мұнда еліміздің әр аймағындағы балалар үйінің бүлдіршіндері білім алуда.
Дереккөз: Baq.kz