Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие беру үшін бірінші кезекте білгір маман, білікті педагог дайындауымыз керек.
Жұмыс бабымен Шымкентке барған ҚР Білім және ғылым министрі өңір басшыларымен басқосу барысында осы ортақ міндетті мінсіз атқаруға шақырды. Сапар барысында Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық институтының су жаңа жатақханасын аралап шыққан министр заманауи үлгіде салынған «Студенттер үйінің» жай-күйіне тәнті болды. 500 орынға лайықталған жатақхана құрылысына 1 млрд 237 млн теңге жұмсалған. Ғимарат ішінде кітапхана, асхана, арнайы медициналық кабинеттер, химиялық тазарту бөлімшесі де бар. Тіпті, тәлімгерлер үшін шаштараз да ашылған. Қонақүйден кем түспейтін жатынжайға тек үздік студенттер ғана жайғаса алады. Білім және ғылым министрі оқу озаттарының алғашқы легіне өз қолымен бөлме кілтін табыс етті.
Айта кетейік, 3 мыңдай жас білім алатын іргелі оқу ордасы биыл 900-ден астам шәкірт қабылдады. Оның 63 пайызы мемлекеттік білім грантына ие болды. Салтанатты рәсімнен соң, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловпен кездескен Аслан Сәрінжіпов мамандар даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Бейбіт Бәкірұлы ұсынған идея министр тарапынан қолдау тапты. Облыс басшысының айтуынша, жоғары оқу орнын бітірген педагогтарды ауыл-аймақтарға тарту үшін ұстаздарға арнайы әлеуметтік көмек тағайындау қажет.
"Экономикалық қиындықтарға қарамастан, мемлекет тарапынан қаражат бөлінген. Студенттердің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін осы жатақхана салынды. Биыл мемлекетімізде бірнеше жатақхана ашылады. Мемлекет тарапынан студенттерге өте үлкен көмек беріледі. Жыл сайын 150 грант бөлеміз. Келесі жылы студенттердің стипендиясы 25 пайызға өседі", деді ҚР Білім және ғылым министрі, Аслан Сәрінжіпов.
Дереккөз: 24.kz