Ғалым, ф.ғ.д, профессор А.Қыраубаева: "Әр бала – табиғаттың берген сыйы. Оның бойындағы талантты ашу – мұғалім міндеті",-деген сөздерін басшылыққа алған оқытушы қашанда ізденіс үстінде болып әр шәкірттің талантын ашу үшін қоржынына әдіс-тәсілдерді жинауы тиіс.
Семестр басталғанда оқытушы жаңа, бұрын-соңды сабақ бермеген аудиторияға кіруі мүмкін. Осы орайда алғашқы сабақты "Менің көршім" әдісі арқылы бастауға кеңес береміз. Студенттерге А4 парағы таратылады, әр студент параққа өз аты-жөнін жазып, оқытушыға кері өткізеді. Оқытушы аты-жөні жазылған парақтарды араластырып, әр студентке кері үлестіреді. Өзінің есімі жазылған парақ студентке берілмеуі керек. Группаласының есімі жазылған параққа студент өз көршісі туралы алғашқы пікірі, қазіргі оқу үлгерімі, өзіне ұнайтын жеке қасиеттері туралы жазып, хат соңында тілек жазуы керек. Бірақ хатқа өз аты-жөнін жазбайды, анонимді түрде болады.
Студенттер бір-біріне хат жаза бастағанда Шопеннің музыкасын қоссаңыз, аудитория іші ерекше атмосфераға айналып, студенттер шабыттана жазатыны хақ. Хатты жазып болған соң, оқытушыға тапсырады да, әр студент тақтаға шығып, бір хатты таңдап оқып, оны иесіне тарту етеді. Әдемі тілек, жақсы сөз, орынды сын айтылған хат алу жақсы әсер қалдыратыны анық. Студенттерге қызық әрі пайдалы тапсырманы тәжірибемізде қолданғанымызға біраз уақыт өтті. Нәтижесі жақсы. Сіздерге де кеңес береміз.
Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары
Нұрмұхан Ә.С., Рамазанов Т.Б.