Ағылшын ғалымдары студенттері үшін алаңдап отыр

Ағылшын ғалымдары студенттері үшін алаңдап отыр

Брикбек профессоры (Лондон Университеті) Орландо Фиджестің сараптамасына орай қазіргі студенттер Википедия және SparkNotes секілді ақпараттық сайттардың себебінен мүлде кітап оқымайды екен.

«Студенттер бірде-бір кітапты оқымай ЖОО-ны тәмамдап жатыр», – деп алаңдайды Лондон университетіндегі академиялық даму институтының сарапшы мамандары. Көптеген студенттер өзіне қажетті ақпаратты ғаламтор беттерінен жылдам табуға бейімделгендіктен кітапханада ескірген кітаптарды парақтап, уақытын жоғалтқысы келмейді.

«Компьютерлік ойындар мен әлеуметтік желілердің реті көбейген сайын жасөспірімдердің білімге деген қызығушылығы жоғалып барады», – дейді тарих пәнінің оқытушы-профессоры Орландо Фиджес.

"Таймс" ғаламтор газетінде жарияланған мақалада студенттердің мүлде әдеби сауаты жоғалғаны туралы жазылады. Бір жағынан сленг, қарбалас өмір, бір жағынан әдебиетке деген сүйіспеншіліктің жоғалуына байланысты ағылшын тілінде антипуристік үдерістер байқала бастағанын сөзге тиек етеді. Германияда атымен жоқ поэзия Англияда да құрдымға бара жатқан секілді. Сараптамаға сенсек, әрбір алтыншы Лондон тұрғыны Шерлок Холмстың кім екенін немесе оның авторын мүлде танымайтын болып шықты. Ал студенттерден алынған сауалнама олардың әдеби сауатына қатысты болды. Нәтижесінде, мүмкін болған 70 балдан орташа 27 балды ғана жинауға шамалары жеткен.

Сонымен қатар, Орландо өзі тарих ғылымының профессоры болғандықтан тарихи ақпараттардың онлайн қорларын талдауға кіріскен. Талдаудан соң ғаламтордағы электронды энциклопедиялардың каллиграфиялық қателіктерінен бөлек, тарихи-хронологиялық ағаттықтары да бар екенін айтады.

Тереңірек ойлансақ, дұрыс-ақ. Студенттер жылдам ақпарат көздеріне үйреніп қалған. Егер осы бағытта жалғаса берсе, болашақта кітапханаларымыз мұрағаттарға немесе мұражайларға айналуы әбден мүмкін.

Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет:www.telegraph.co.uk

Ж. Өрісбай