IELTS дегеніміз не?

IELTS (the International English Language Testing System) ағылшын тілінің барлық ауқымын қамтитын халықаралық сынақ тесті болып табылады. Егер ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекетке оқуға немесе жұмыс істеуге баратын болсаңыз, сіз осы емтиханнан өтуге міндеттісіз.

1989 жылдан бастап IELTS бүкіл дүние жүзінде ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын сапалы әрі сенімді сынақ болып қолданылып келеді. Бүгінде, әлемнің 6 000-нан астам ЖОО, институттар, мемлекеттік мекемелер мен іскери ұйымдары IELTS нәтижесін сенімді деп қабылдайды.

Сынақтың статистикасына сүйенсек, жылына 1 миллионнан астам адам өз қажеттілігі бойынша IELTS сынағын тапсырады екен. Сынақты әлемнің 120 елінде тапсыруға болады және IELTS ең көп тараған тест сынағы болып табылады.

IELTS сынағының құрылымы

IELTS төрт модульден турады: Listening (Тыңдау), Reading (Оқу), Writing (Жазу), Speaking (Тілдесу).

Оны екі нұсқада тапсыруға болады: академиялық және жалпы. Таңдалған нұсқаларға байланысты оқу мен жазу тапсырмаларында айырмашылықтар болады.

Сынақтың академиялық нұсқасы үміткердің ағылшын тілінде жазу мен оқу қабілетін университет немесе колледж білімі деңгейінде қарастырады. Ағылшын тілді елдерге оқуға түсудің нәтижесі де осыған байланысты болады. IELTS-тің академиялық нұсқасы студенттерге арналған, себебі сынақ нәтижесін магистратурада немесе академиялық ұтқырлық бағдарламаларымен шетелге тәжірибе алмасуда қажет етеді.

Ал жалпы нұсқада оқу мен жазу тапсырмалар үміткердің қарапайым ағылшын тілінің деңгейін анықтауға бағытталады. Бұл мектеп бітірушілеріне арналған. Егер мектеп түлегі жоғары білім алуға шетел асып оқығысы келсе IELTS сынағының жалпы нұсқасын тапсыруға міндетті болады.

IELTS сынағының форматы мен мазмұны

Listening (тыңдау) - Төрт тақырыпқа бөлінген және 40 сұрақтан тұрады. Осы модульді орындауға 30 минут уақыт беріледі.

Reading (оқу) - Жалпы нұсқада үш тақырыпқа бөлінген және 40 сұрақ болады. Тапсырма, негізінен, мәтіндік үлгіде беріледі. Оқуды орындауға 60 минут бөлінеді.

Reading (оқу) - Академиялық нұсқада да үш тақырыпқа байланысты 40 сұрақ беріледі. Дегенмен, тапсырма 3-4 абзацтан тұратын, арнайы дереккөздерден алынған мәтіндер болады. Бұл тапсырманы да 60 минут көлемінде орындауға міндеттелесіз.

Writing (жазу) - Жалпы нұсқада екі тапсырма бар: хаттама (150 сөз) және шығарма (250 сөз), орындауға 60 минут беріледі.

Writing (жазу) - Академиялық мақсатта да екі тапсырма: берілген сызба немесе диаграммаға талдау жасау (150 сөз) және шығарма (250 сөз), орындауға сол 60 минут беріледі.

Speaking (тілдесу) – Арнайы ағылшын тілінің маманымен бірге бір немесе бірнеше тақырыпқа орай әңгімелесу, 11-14 минутқа созылады.

IELTS сынағының жалпы тапсыру уақыты – 2 сағат, 45 минут. Алғашқы үш модуль: Тыңдау, Оқу және Жазу бір күнде орындалуы мүмкін. Ал тілдесу модулі тестілеу орталығының мүмкіндіктеріне орай өзге үш модульді тапсыру кезеңінен бірнеше күн бұрын немесе кейін орындалуына болады.

IELTS сынағының бағалау жүйесі

Сынақтың әр модулі 1 мен 9 арасындағы межелікпен өлшенеді. Жалпы балл әр модульдің нәтижесін жалпылау есебінде болады.

IELTS сынағын тапсыруға тіркелу

IELTS сынағына тіркелу үшін алдымен, сынақтың ресми сайтына www.ielts.org бару арқылы өзіңізге жақын тестілеу орталығының мекенжайын аласыз. Содан кейін, орталыққа барып сөзге қажетті барлық ақпаратты алатын боласыздар.

Елімізде бұл халықаралық сынақты қабылдау міндетін InterPress және British Council өз міндеттеріне алған. Сіз тіркелуден бұрын осы аталған орталықтардың ресми сайтына кіріп тапсыру уақытын, яғни өзіңізге ыңғайлы күнді белгілеп аласыз.

Жеке кеңестер

Алдымен бұл сынақты не мақсатпен тапсырып жатқаныңызды нақтылап алыңыз (Академиялық ұтқырлық немесе шетелде білім алу). Тестілеуге тіркелуден бұрын тапсырып, оң нәтиже көрсете алатындай өз біліміңізге сенімділігіңізді біліп алғаныңыз жөн. Себебі әрбір талапкер немесе студент сынақты тапсыруға 25 000 теңге көлемінде сома төлеуге тиіс. Сынақ нәтижесіне қанағаттанбаған бойда төленген ақша қайтарылмайды. Өз біліміңізді онлайн тестілеу арқылы тексеру мүмкіндіктері бар. Күнделікті дайындық кестесін жасап алыңыз. Себебі төрт модульге бірдей дайындалу ұқыптылықты талап етеді. Тіркелген кезіңізде тіркеуші сізден электронды мекенжайыңызды сұрайды. Сонда жазған электронды жәшігіңізді күнделікті тексеріп тұру керек, алдағы сынақ туралы орталық сізді сол пошта арқылы ақпараттандырып тұрады. Тіркелген кездегі құжатыңызды және төленген ақының түбіртегін сынақ тапсыру кезінде де ұмытпай алып барыңыз. Мысалы, сіз паспортпен тіркеліп, сосын сынақ кезінде жеке куәлікпен келсеңіз, тестілеуге кірмейсіз. Сынақ барысында еш артық қимыл жасаудың қажеті жоқ. Көмекші құралдармен кезекшіге ұсталып қалған жағдайда емтиханнан шығып кетесіз. Өз біліміңізге сенгеніңіз дұрыс. Бұл Университет емтиханы секілді емес. Тапсыру кезінде мұқият болыңыз, уақытыңызды бақылап отырыңыз. Тыңдау тапсырмасында сіздің аудиотаспаны бір рет ғана тыңдауға мүмкіндігіңіз болады. "Уақыт аяқталды" деген кезде жазуды тоқтату керек. Егер сіз жазуды жалғастыра берсеңіз, кезекші көрген бойда сіздің бірнеше жауапты сызып, есептен алып тастайды. Егер нәтижеңіз төмен болып шықса (2-3 балл), сізге берілген сертификаттың еш пайдасы болмайды. Сондықтан дайындықты мықтылап алып, сосын тапсыруға өтініш білдіріңіз. Егер алты баллдан жоғары алсаңыз, шетелде оқыға мүмкіндіктеріңіз болады. Дегенмен, беделді университеттер одан да жоғары нәтижені талап етеді.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/J_zs60XWGOY","width":"450","height":"338"});

Мен аталған сынақты осыдан алты ай бұрын тапсырдым, егер қосымша туындаған сұрақтарыңыз болса, қоюға болады. Мен өз тәжірибемнен жауап беруге тырысамын.

Тағы да оқи отырыңыз:

Нью-Йоркте білім алғыңыз келе ме?

Эразмус Мундус қандай бағдарлама?

Қытайда оқығыңыз келе ме?

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: britishcouncil.org