Әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен ҚазҰУ-дың 81 жылдығына сәйкес «81 теңгелік түскі ас» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тапты.
Шараның басты мақсаты – «Сұңқар» ҚБ-нің үнемі ескеріп отыратын ҚазҰУ студенттерінің әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мүдделерін, еңбек құқығы мен денсаулығын қорғау. Бұл мерекелік іс-шара еліміздің белсенді болашағы – жастарды тәрбиелеуде де маңызды рөл атқарады.
Қайырымдылық акциясы ҚазҰУ-дың 75 жылдығынан бастау алды. Алтыншы рет өткізіліп отырған акцияға 2000-ға жуық студент келді. Жол ақысымен шамалас ақшаға бәліш, алма, компот, салат, ірімшік, пирог және ыстық тамақ ішуге болады. Шара барысында мерекелік концерт көріп, ойындар ойнап, белсенділер әртүрлі сыйлықпен марапатталды. Бұл акциядан түскен қаражат: балалы және әлеуметтік жағдайы нашар студенттерге беріледі. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының белсенділері іс-шараны «Ай-Тұмар» тамақтандыру комбинатында өткізді.
Қазақстан бойынша мұндай бірегей акция ұйымдастырып жүрген ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы бұл игі істі еліміздің өзге де университеттеріне үлгі етеді.
Ары қарай суреттер сөйлесін:
Жолдаған: Жамал Жақсытай