Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінде өткізілетін іс-шаралар бір-біріне ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын ерекшелігімен есте қалады. 2015 жылдың 11 қарашасында факультеттің мерекелік күнтізбесі тағы бір іс-шарамен толықты. Бұл – Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ұйымдастырылған «Жасай бер, Қазақстан!» атты мерекелік кеші.
Осыдан екі жыл бұрын Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасының профессоры Э.Д. Сүлейменова бастамасымен «Флагман» бағдарламасы бойынша америкалық студенттер ҚазҰУ-да білім алуға мүмкіндік алды. Бұл бағдарлама аясында америкалық студенттер орыс тілін үйренумен қатар ҚазҰУ-дың оқытушыларынан өз мамандықтарына сәйкес дәрістер тыңдауға мүмкіндік алды. Студенттер қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтарын білдіріп, қазіргі таңда қазақ тілін де үйреніп жатыр. Кафедра доценттері С.Б. Бектемірова, М.Қ. Мамбетова және П.Т. Медетбековалар оларға қазақ тілін үйретіп, қазақ мәдениетімен таныстырып жүр.
«Жасай бер, Қазақстан!» атты мерекелік кештің басты кейіпкерлері де осы америкалық студенттер. Қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ерекше көңіл күймен келген студенттердің жүздерінен Қазақстанға, Алматыға, ҚазҰУ-ға, Филология факультетіне деген ерекше сезімді бірден байқайсың.
Іс-шараның бағдарламасы 4 кезеңнен тұрды. Студенттер қазақ тілінде көпшілікпен амандасып, Қазақстанға деген ыстық ықыласын көрсетті. Әсіресе, менің есімім — Конрад, ал қазақша атым — Қоңырат, менің есімім — Лиза, ал қазақша — Ләззат деп, қуана жар салып тұрған америкалық студенттерге қарап, қазақ па деп қаласың. Көрермендер студенттердің қазақ тілін үйренуге деген талпыныстарын көріп, таңдана қошеметтеп отырды.
Студенттер сахнада Абайдың, Мұқағалидың, Қасымның өлеңдерін оқып, таңдай қақтырды. Ал, сахнада «Көзімнің қарасы», «Сұлу қыз», «Еркем-ай» әндері шырқалып, студенттердің жағдаяттық көріністердегі актерлік қабілеттерін, «Қара жорғаны» билеген кездегі шабыттарын, тіл үйренуге деген шынайы ықыластарын көргенде тіптен өзгеше сезімге бөлендік. Қазақ тілінің құдіреті тағы да асқақтады. Америкалық студенттердің қазақшасына жүрегіміз жылып, тәнті болдық.
Міне, биыл екінші рет ұйымдастырылған іс-шарада тағы да америкалық студенттер қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, баршамызды қуантты. Бұл бастама — екі ел арасындағы мәдениаралық қарым-қатынастың бірден-бір көрінісі. Тіліміздің мерейін асқақтататын әдемі дәстүр қалыптасып жатыр, жалғасын таба берсін демекпіз.
Авторлары: С.Б. Бектемірова, М.Қ. Мамбетова
Филология ғылымдарының кандидаттары, доцент