20 жасар студенттердің ойлап тапқан өнертабыстары

Бүгін халықаралық өнертабыстар мен рационалистер күні. Осыған орай қоғамда қарапайым студенттер жасаған өнертабыстарымен таныстырмақпыз.

ҚБТУ студенті азуға арналған мобильді қосымша ойлап тапты


Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің студенті Нұрхан Шілдебаев артық салмақтан арылғысы келетін адамдар үшін «Аламан» деп аталатын мобильді қосымша жасап шығарды.

Нұрхан өз жобасын «IT-Universe-2013/2014» деген атаумен Назарбаев Университетінде өтіп жатқан ақпараттық технология саласындағы бірінші халықаралық студенттер олимпиадасында көпшілік қауымға ұсынды.

«Бұл қосымша қарапайым адамдарға арналған. Таңертең жүгіріп қайтқан әрбір адам қанша қашықтықты басып өткенін және денесіндегі қанша калорияның жойылғанын біле алатын болады. Қазіргі кезде артық салмақтан арыла алмай жүрген адамдар саны көбейіп кеткендіктен, бұл өзекті мәселеге айналып үлгерген. Міне сол үшін мен осы қосымшаны ойлап таптым», - дейді Шілдеханов.

Қазан Ұлттық Техникалық Университетінің студенттері полиэтиленді пакеттің экологиялық аналогін ойлап тапты


Қазан Ұлттық Техникалық Университетінің студенті Иван Захаров суда бір күн тұрса еріп кететін экологиялық пакет ойлап шығарды. Жас өнертапқыштың айтуынша, ерекше материалдан жасалған пакет жерде мың жылға дейін шірімей жата беретін полиэтиленді пакеттердің орнын баса алады екен.

«Қарапайым крахмалдан жасалған жаңа өнімді қолданып болғаннан кейін суға салып қойсаңыз, бір тәуліктің ішінде өзі еріп кетеді. Тіпті қолданылған суды адам қажетіне жаратқан кезде, еш зияны тимейді. Мысалы, бір автокөліктің бір күнде шығарған көмірқышқыл газы мына қалтаның 50 тоннасын еріткеніңіздегі шыққан көмірқышқыл газына тең болады», - дейді Захаров.

Қазір студент жаңа өнімді патенттеумен айналысып жатыр. Студенттің инновациясына утилизациямен айналысатын «Қазан экологиялық комплексі» қызығушылық танытып отыр.

Ташкенттік студент тұнық экранды телефон ойлап шығарды


Ташкент Мемлекеттік Техникалық Университетінің екінші курс студенті Сирожиддин Насриддинов көрші елдің астанасында өтіп жатқан инновациялық идеялар, технологиялар мен жобалардың VII Республикалық жәрмеңкесінде екі бетімен де жұмыс жасай беретін жаңа телефонын ұсынды.

Арнайы жасалған әйнекпен жабдықталған тұнық экранды телефонға жас өнертапқыш МХ-1 деп атау беріпті.

Телефонның корпусында үш сенсорлы батырма бар. Ал жоғарғы жағында камераның жарқылы мен антенна орналасқан. Инновацияның негізгі прототипінен бөлшектерді ауыстыруға болады. МХ-1 телефоны екі бетті тұнық экраны мен экрандағы наноқабықша арқылы күннен қуат ала алады.

Әзірге, құрылғының экраны онша жарық емес, дегенмен болашақта дамытатынын айта кетті. Жас өнертапқыш телефонды орташа есеппен 600 АҚШ долларына бағалап отыр. Сирожиддин өнімге патент алып үлгерген. Енді жәрмеңкеге қолдау білдіретін демеуші іздеп келгенін айтады.

Түрік студенті адамның сынған жерін 40 пайызға жылдам қалпына келтіретін гипс ойлап тапты


Дениз Карахасин есімді түрік студенті адам сүйегінің қайта қалпына келу үдерісін ультрадыбыстардың көмегімен жылдамдататын пластикалық гипс жасап шығарды.

Бұл жаңа өнім медицинаның травматология саласында үлкен қолдауға ие болуы әбден мүмкін. Ол өзі жасаған инновациялық өнімінің 3D-принтерде шыққан нұсқасымен таныстыру кезінде ультрадыбыстық тербелістің үдерісті жылдамдататынын айтып өтті. Нақты осы салада ультрадыбыстық тербелістерді қолдану бұрын да талқыға салынған болатын. Дегенмен, тербелістер адам денесіне тығыз үйкеліп тұрмаса әсер етпейтіндектен, қолданудың өзге жолы табылмаған болатын.

Ал жаңа құрылғының оңтайлы корпусы қолдың зақымданған аймағын ашық қалдырады. Егер инновациялық жобаға қаржылай қолдау білдіруші табылса, бірнеше жыл ішінде әр емханада пластикалық гипсті шығаратын 3D-принтерлер тұруы ықтимал.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.forbes.kz, www.gazeta.uz, www.style.rbc.ru, www.ruslekar.info