Сәрсенбідегі сән: "Офистік образ"

"Сәрсенбідегі сән" жобасы жалғасуда! Естеріңізде болса, алғашқы төрттікте Маржан ұсынған "Street style" образы жеңген еді. Жоба түрлі образды ел назарына ұсыну арқылы қыз-келіншектеріміздің талғамын арттыру мақсатында басталған болатын. Алайда, жігіттерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Сол себепті жобамыздың екінші айналымы, жігіттер сәнінің алғашқы кейіпкері − Әділ, журналист.

Жігіттерге не сән керек дегенді талай естіген боларсыз. Алайда, қазіргі заманда қыз болсын, жігіт болсын сыртқы келбеті тартымды болуы керек. Алғашқы образымыз күнделікті жұмысқа, оқуға арналған үлгі ретінде назарларыңызға ұсынылып отыр.

Аксессуарлары:

Пиджак − Koton, жейде − Damato, джинсы шалбар − Colin's, аяқ киім − Kari, сағат − Goldlis quartz, белбеу − сыйлық.

"Бұл образ мені байсалды, байыпты етіп көрсетеді. Және бұны тек кеңсеге емес, маңызды кездесулерге, театр, концерттерге киюге болады. Нағыз ыңғайлы образ деуге болады: джинсы шалбар, жейде, оның сыртына кофта, ал ерекше жағдайларда пиджак киемін. Образға міндетті түрде сағат, белбеу және парфюм секілді аксессуарлар қосымша келеді. Нағыз еркек өзіне ыңғайлы, өзгелерге әдемі көрінетіндей киінуі керек, осыны «сән» деп түсінемін. Киім сатып алу үшін үлкен сауда орталықтарына барамын, дүкендерді аралап, өзіме ұнаған киімдерді таңдап жүремін. Дүкен аралап жүргенде оның атауына қарамайды екенмін, тіпті, киімді өндіруші де маңызды емес. Ең бастысы қағидалар: киімнің сапасы, бағасы және сол бағаға лайық па? Аяқ киім таңдауда оның ыңғайлылығына қараймын. Себебі, менің қызметімде жүріс, жүгіріс өте көп болғандықтан, аяқ киім жайлы болуы керек", − дейді Әділ.

Кез келген ер адамға офистік стиль жарасатыны сөзсіз. Әсіресе, қыз балалар жейде киген жігітті көргенде іштей сүйсінетіні тағы рас. Әділдің қызметі ыңғайлы киінуді талап етеді. Алайда, оның күнделікті өмірінде де бұл образдың орны ерекше. 

"Сәрсенбідегі сән" жобасы үздік образдардың ішінде үздігін таңдайды. Жобаға дауыс беріп, төрелік ететін сіз, құрметті оқырман! 

Автор: Фариза Әбілова

Сурет: ©Ернар Алмабек

"Ең үздік образ" анықталды!