Сәрсенбідегі сән: Кэжуал стиліндегі образ

"Сәрсенбідегі сән" жобасының келесі кейіпкері − радиожүргізуші Айдар. Ол назарларыңызға "casual" стиліндегі образын ұсынады.

Аксессуарлары:

Кофта − Pedro del Hierro, джинс шалбар − Top Man, күрте − Zara Man, аяқ киім − Rieker, сағат − Movado, белбеу − Eur UK Mex, сөмке − сыйлық.

Айдардың кофтасының түсі күз мезгіліне сәйкес келеді, оның үстіне бұл түс қазір сәнді.

Кэжуал стилі деген не? Ағылшын тілінен аударғанда "күнделікті, қарапайым" деген мағынасы бар бұл сөз сән индустриясында көп қолданылатын терминдердің бірі. Себебі, көп адамның гардеробының 90%-ы осы стильдегі киімдер екені сөзсіз. Айдардың ұсынған образының түстері қарапайым, нейтралды әрі сәнді. Пропорциялары дұрыс таңдалған киім екенін көріп отырмыз.

"Өмірімнің қазіргі кезеңінде сәнге "ыңғайлылық" деген анықтама берер едім. Киімді оңтүстік астанамыздың сауда орталықтарынан аламын. Киім таңдауда, көбінесе, жалғыз жүремін және ол көп уақытқа созылады деп айта алмаймын, көбіне ұнаған киімді киіп көріп, жарасқан жағдайда алып, жүре беремін. Аяқ киімді айтар болсақ, ыңғайлы болса аламын. Жігіттерге көп киімнің қажеті жоқ қой, бұл образдағы киімім жеткілікті деп айта аламын. Жұмысқа, достарыммен кездесуге осы стильде киінемін. Бүгінде бұл стильсіз өмір сүру мүмкін емес деп ойлаймын. Аксессуарлардың да өз орны бар. Сағат, белбеу кез келген образдың маңызды элементтері деуге болады. Менде аксессуар таңдауда, қыздар мен көлік таңдаудағы көзқарас бір: әдемі ме? Аламын! (күледі) Яғни, бренд, марка маңызды емес, тек көзге жағымды болғаны жеткілікті".

Айдардың таңдаған образы көптеген жігіттердің талғамына сәйкес келетініне нық сенімдіміз. Қазіргі күнде кэжуал стилі өмірімізде үлкен рөл ойнайды деуге болады. Бұл, әдетте, ресми киімнен алшақтау, еркіндеу келетін стильдегі киімдер. Кейіпкеріміздің образындағы ерекше рөл ойнайтын элементтер − аяқ киім мен аксессуарлар. Күзде тастамай киетін былғары күртемізді де осы образдан көріп отырмыз. Классикалық қара түс кез келген адамға жарасатыны анық. Оның үстіне, әртүрлі түстермен де үйлесе кететіні тағы бар. Қазірде жігіттердің былғары күртесінің де сан түрлісі шығып жатыр. "Casual" стилінің заманауи адамның өмірінде рөлі ерекше.

Айтып өтейік, "Сәрсенбідегі сән" жобасында 4 образ оқырман назарына ұсынылады. Үздіктердің ішіндегі үздік образды таңдайтын – сіздер, құрметті оқырман!

сурет: @Ернар Алмабек